
100 нақты қадамның 60-шы қадам мен 61-ші қадамында мал шаруашылығын дамыту мәселесі нақты көоініс тапқан. Ет және сүт өнімдері өндірісін дамыту қарастырылғаны белгілі. Мал шаруашылығындағы аталған мәселелерді дамыту үшін мал басын асылдандыру қажет. Бүгінде мал басы көбеюі әрі қоңды болуы үшін тұқымын асылдандыру мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Ата-бабамыз ежелден құрық ұстап, жылқы үйіріп, қой қайырғандықтан бұл кәсіп бізге таң емес. Бүгінде осы салаға көптеп көңіл бөлініп, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріліп жатыр. Сең қозғалды. Енді аталған мәселе арнайы палата құру арқылы шешіледі. Биылдан бастап елімізде төрт түлікті асылдандыру бағытында әр облыстың ерекшелігіне қарай арнайы палаталар құрылуда. Шілде айында еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтөбе облысында «Жылқы тұқымдары» палатасы, ал Талдықорған облысында «Қой тұқымдары палатасы» құрылған болатын. Ал, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында «Түйе тұқымдары» палатасы құрылып, жұмысын бастады. Палатаның ашылуына орай Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында осы салада тер төгіп жүрген ауыл шаруашылығы ғалымдары мен мамандары бас қосып, келелі кеңес құрды. Жиынға ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Көпмағамбет Елемесов қатысып осы саладағы түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерге тоқталып өтті.