(Жалғасы)
Сүт өнімі 1991 жылы – 40684 тонна болса, 2016 жылы -160 мың тоннаға жетіп, 2,8 есеге өсті. Жұмыртқа 1991 жылы – 98500 болса, 2016 жылы – 142 мың данаға жетіп, 1,4 есеге өсті. Жүн 197 тоннадан 224 тоннаға, немесе 137 %-ға өсті», — деді С.Сапарбаев. Баспасөз жиынында өзге де салалардағы жетістіктерге тоқталған аудан басшысы туризм саласы бойынша Сайрамда егемендік алғанға дейін жұмыс істелмегенін алға тартып, осынау тәуелсіздік жылдарында салаға ерекше көңіл бөлу арқасында ауданның табысты бизнес түрінің біріне айналғанын жеткізді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Сайрамдағы Абылай хан ат басын тіреген Ханқорған төбесі, Сиқым баба, Жаныс баба кесенелері де халық игілігі үшін жұмыс жасауда екен. Сайрам ауданы қалаға жақын орналасқандықтан Ақсу, Машат, Арыс өзендері мен Көлкент және Қырықкөл деп аталатын көлдер бойында демалыс нысандары көптеп бой көтеріп, келушілердің саны да жыл санап артып келе жатқаны баяндалды. Тілшілермен болған кездесуде Самат Айдарханұлы күнделікті халыққа қажетті тамақ өнімдерінің 20 түрінің 18-і, яғни, қант пен тазартылған күріштен басқа өнімдердің барлығы Сайрамда өндірілетінін мақтан етті. Барлық салалар бойынша даму көрсеткіштері жақсарып келе жатқан ауданда тамақ өнімдерінің 11 түрі ауданда артығымен өндірілетінін алға тартты. Сондай-ақ, өз сөзінде коммуналдық, әлеуметтік, сәулет, құрылыс, білім, мәдениет, спорт салалары сынды өзге де бағыттағы жетістіктерді жеткізген аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын жеткізді.