«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-ші қадамын iске асыру мақсатында жаңа аудит жүйесiн және мемлекеттiк аппарат жұмысын бағалауды енгiзу қарастырылған. «Мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңы қабылданған болатын. Осыған байланысты бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы тарапынан мемлекеттiк аудиттi енгiзу аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясына орналасу үшiн мемлекеттiк аудитор бiлiктiлiгiн куәландыратын сертификаттың болуы қажет лауазымдардың тiзбесi» бекiтiлдi. Мемлекеттiк аудитор бiлiктiлiгiн иеленуге үмiткер адамдарды сертификаттау олардың бiлiмiн растауды және мемлекеттiк аудитор бiлiктiлiгiн иеленуге үмiткер адамдарды сертификаттау қағидаларында айқындалатын тәртiппен әңгiмелесудi қамтиды. Сондай-ақ, мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерi үш жылда кемiнде бiр рет бiлiктiлiктi арттырудан өтедi. Қайта даярлаудың және бiлiктiлiктi арттырудың негiзгi қағидаттары жүйелiлiк, ғылымилық, бiлiктiлiктi арттыруды өз бетiнше бiлiм алумен ұштастыру, оқытудың үздiксiздiгi, сабақтастығы және дәйектiлiгi болып табылады. Жалпы жоғарыдағыларды ескере келе, «Мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының аясындағы талаптар Тексеру комиссиялары үшiн жаңа ұстанымды, көзқарасты, сондай-ақ қызметкерлердiң бiлiктiгiн үздiксiз жоғарылатуды қажет етiп, үлкен жауапкершiлiк жүктейдi. Осыған орай, барлық мемлекеттiк аудит және қаржылық бақылау органдары заңнаманы өз дәрежесiнде iске асыру арқылы елiмiздiң экономикасын тұрақтандырып, оның одан әрi дамуына өз үлестерiн қосады деген сенiмдемiз.