Оңтүстіктің бренді «мақта» болса, сол мақтаның 80 пайызын Мақтарал ауданы өндіріп отыр. Әрине, ғылым мен еңбекті ұштастырған сәтте кез келген қамалды бағындыруға болады. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен Мақтарал ауданында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жетті. Елімізде отандық мақта сорты жоқ еді және біз көрші мемлекеттерге тәуелді едік. 2000 жылдан бастап бәсекеге қабілетті өзіміздің отандық сорттары шыға бастады, қазіргі таңда оларды мақта өндірушілер пайдалана отырып, жалпы егістіктің 85%-на ендірді. Соңғы жылдары институт ғалымдары 30-дан астам инновациялық технологиялар жасап оларды өндіріске ендіруге ұсыныс берді, 48 инновациялық және селекциялық патенттерге, 144 авторлық куәлікке ие болды. Институтта фермерлерге білім тарату орталығы ашылған, мақта өндіретін өңірлерде 5 шаруа шаруашылығының базасында институттың ғылыми жетістіктерін көрсететін алаңдар ұйымдастырылған. Ғалымдар 23 шет ел ғылыми-зерттеу институтарымен және 2 халықаралық ғылыми-зерттеу компанияларымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Мақтаның өнімділігін жоғарылататын сорттарды шығарып жатқан институт жалпы Қазақстан бойынша мақта шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосуда. Мұнан соң, аймақ басшысы Ж.Түймебаев Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Қарақыр ауылынан пайдалануға берілген мектептің ашылу салтанатына қатысты. 200 оқушыға арналған орта мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайлар жасалған. «Астанаэлектромонтажстрой-2» ЖШС-і мердігер мекеме болып табылады. Айта кетейік, аудан бойынша 2016-2017 жаңа оқу жылында мектептерде 67200 оқушы білім алуда. Биыл ауданда 9 жалпы орта мектеп ғимараты мен 1 қосымша оқу корпусын салып, пайдалануға беру жоспарланған болса, 1-қыркүйек-Білім күні мерекесінде алғашқы қоңырау сыңғырымен 6 бірдей жаңа мектеп ел игіліне пайдалануға берілген болатын.