Қазақтың қалы кілемі бүгінде алыс та жақын шетелдерге танылып үлгерді. Түркіменнің түкті кілемінен, Иранның, Түркияның қымбат кілемдерінен бір мысқал да кем емес. Еліміз бойынша кілем өндірісін дамытып отырған оңтүстікқазақстандық өндіріс орнының өнімдері мақтауға тұрарлық-ақ. Мұнда тек қана кілем тоқумен шектелмей өздеріне қажетті маман мәселесін де шешіп отыр. Бұрын жеңіл өнеркәсіп мамандығы бойынша диплом алған жастар жұмыссыздардың қатарын толықтырса бүгінде осы кілем фабрикасынан екі қолға бір күрек тауып отыр. Мұнда конкурстық іріктеуден өткен жастар жұмысқа қабылданған соң алдымен кәсіпорынның өз оқу орталығында кілем тоқуды жан-жақты меңгереді. Әрине оқудың жөні бір бөлек, ал тәжірибе жүзінде үйренген тіптен басқа. Сондықтан да бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша білім алғандар осында жұмыспен қамтылуда. Жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталған өндіріс орнындағы автоматтандырылған жүйемен жұмыс істеу оңай емес. Мұнда айына 250-300 шаршы метр кілем тоқылады. Құрылғылардың басым бөлігі — Түркия, Бельгия мен Германиядан әкелінген. Жоғары сапалы өнім өндіретін құрылғылармен жұмыс істеу үшін бұрын тек шетелдік мамандар тартылатын. Бүгінде олардың орнын өзіміздің мамандар басты. Сонымен маман тапшылығы түбегейлі шешілді деуге болады. Бұл өндіріс орны үшін де оқу орындары үшін де өте тиімді. Жергілікті мамандардың жұмыспен қамтылуы әлеуметтік мәселелерді шешуге сәл де болса көмегін тигізеді.