Бүгінде күнгейдегі көрікті аймақ Түлкібас ауданының жалпы өңірлік көлемі 40,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында да жұмыс бар. Дегенмен, облыс әкімі Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор екеніне тоқталып, өз потенциалын толық пайдаланбай отырғанын айтты. «2016 жылғы 1 қарашаға Түлкібас ауданы бойынша 155,4 млн. теңге қаржы игерілмеген. Ал өнеркәсібі өнімінің жалпы көлемінде Түлкібас ауданының үлесі 2,1% құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 0,9 пайызға төмендеген. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6 186 бірлік болса, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,8% төмендеген. Инвестиция тарту бойынша да 14 орында тұрсыздар. Ал тоқтап тұрған «ЭкоПрдуктГрупп» кәсіпорынын іске қосу және бос тұрған «Sana» ЖШС кәсіпорындары сынды ғимараттарды тиімді пайдаланбайсыздар. Түлкібаста 21 мың гектар жерге күздік егу жұмыстарын жүргізу көзделсе, оның жартысы ғана орындалған. Денсаулық сақтау және білім саласында да кемшіліктер бар. Жасөспірімдер қылмысы, суицид мәселелері де күн тәртібінде тұр. Біздің басты мақсат – аудан тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасау. Сондықтан жұмысты ширату керек»,-деді облыс әкіміТуризм саласының дамуына көңілі толмаған әкім Төле би ауданында 40-тан астам демалыс және қонақ үй кешендері орналасқанын айтып, табиғаты керемет таулы аймақта бұдан әлдеқайда аз екеніне тоқталды. Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы туризм бағытын, потенциалды пайдалана отырып шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды айтты. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы саласына түбегейлі талдау жасап, бау-бақша өсіру, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты іс-жоспарды бекітуді, жұмыссыздықты азайту бойынша тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жөнінде де жергілікті билікке бірқатар міндеттемелер жүктеді.