Мемлекет басшысы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан — 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 институционалдық реформадан туындайтын 100 нақты қадамды Ұлт жоспарына топтастырды. Мұнда «Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екендігі атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік апарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған. Ұлт жоспары — Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін серпінді қадам болмақ. Бұл бағдарламаны іс жүзінде жаһандық һәм ішкі сын-қатерлерге толықтай жауап бере алатын, тарихтың жаңа белестерінде еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда, ел мен ұлт дамуының басты ұстанымына айналатын Ұлттық жобамызды қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге және ілгерілетуге серпін беретін қадамдар көрсетілген. Сондықтан, Елбасы ұсынған бес институционалдық реформа мен оларды іске асыру үшін жарияланған. 100 нақты қадам — өзге мемлекеттерге үлгі болатындай жан-жақты ойластырылған, жүйелі үйлестірілген айқын стратегиялық жоспар деуге толық негіз бар. Оларды жүзеге асыруды қадағалау міндеті Президент жанынан бес бағыттағы реформамен түбегейлі айналысатын жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияға жүктеліп отыр. Жоғарыда айтылған жасампаздық реформаларды орындау арқылы Қазақстанның әлемдегі озық 30 елдің қатарына 2050 жылы емес, одан әлдеқайда бұрын енетіні анық. Қазақ елі тұрақтылық пен гүлденудің мекені деп аталуға барлық мүмкіндік бар.
Б.ОРМАНОВ,
тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы.