Бүгінде Түркістан облысында 1500-ге жуық бала туа біткен жүрек ақауымен есепте тұр. 150-200 бала кардиохирургия көмегіне мұқтаж. Облыста жыл сайын 600 нәресте туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келсе, оның ішінде 130 жаңа туған нәресте өмірінің бірінші айында ашық жүрек операциясын қажет етеді. Түркістандық жоғары білікті дәрігерлер күрделі оталар жасап, жас нәрестелердің өмірін сақтап қалуға барын салуда. Әсіресе бұл тарапта Түркістан облыстық балалар ауруханасының көрсетер көмегі көп болып тұр. Аталмыш аурухана балаларға мамандандырылған медициналық көмектің барлық түрін көрсететін шоғырландырылған ірі көпсалалы аурухана болып табылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін 422 төсек және 50 стационарлық төсек бар. Ауруханада жыл сайын 18 мыңнан астам науқас емделеді. Педиатрияның барлық дерлік салаларында мамандандырылған стационарлық және стационарды алмастыратын көмекті, сондай-ақ балалар кардиохирургиясында жоғары білікті қызметтерді көрсетеді. Жыл сайын 72 мыңнан астам пациентке кеңес беріледі. Қызмет көрсетілетін халық саны да аз емес.
Жуырда Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға алты күрделі ота жасалды. Оның үстіне кейбір оталар облыстық балалар ауруханасында алғаш рет өткізілді. Бұл аталмыш орталық мамандарының жоғары біліктілігін көрсетсе керек. Айта кетерлігі, облыстық балалар ауруханасы кардиохирургия бойынша медициналық қызмет көрсететін еліміздегі жетекші орталық болып саналады.
Бүгінде облыста интервенциялық радиология белсенді дамып келеді. Денсаулық сақтау басқармасы жаңа, заманауи ангиограф сатып алған болатын. Аталмыш құрылғының көрсетер көмегі көп болып тұр. Бүгінгі күні 85 эндоваскулярлық ота жасалды, оның ішінде бір жасқа дейінгі тоғыз науқас бала бар. Орталық жүрек ақаулары бар жаңа туған нәрестелерге жоғары технологиялық медициналық қызметтерді сәтті өткізеді. Өткен жылы балаларға 46 ота жасалды, оның 30-ы жаңа туған нәрестелерге, сондай-ақ ангиографтың көмегімен сегіз эндоваскулярлық ота жасалған.
Бүгінде аталмыш медициналық мекемеде жергілікті дәрігерлер жасанды қан айналымы және эхокардиография жасауда тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктіліктерін шыңдады. Бүгінгі күні балалар кардиохирургиясы бөлімінде 18 төсек бар, оның 12-сі кардиохирургиялық және алтауы жүрекке операциядан кейінгі балаларды медициналық оңалту еміне арналған. Облыс орталығында балалар кардиохирургиясы ашылғаннан бері, яғни 2014 жылдан бері туа біткен жүрек ақауларына үш мыңға жуық ота жасалған. 2013 жылы 131 операция жасалды, оның ішінде жүрек-өкпе аппаратының көмегімен 105 ашық жүрекке, бір жасқа дейінгі 109 сәбиге және 38 жаңа туған нәрестеге ота жасалған.
Аталмыш аурухананың мамандары ел ішінде де, шетелде де білімдері мен біліктіліктерін көтеруде. Мұнда жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін барлық заманауи құрал-жабдықтар бар. Кардиология бөлімшесі тек Шымкент пен Түркістан облысынан ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келгендерге де көмек көрсетеді. Жыл сайын дәрігерлер білімдерін де, тәжірибелерін де арттыруға күш салып отырады. Өткен жылы аурухананың бүкіл хирургиялық профильі, атап айтқанда травматологтар, анестезиологтар, нейрохирургтер, реаниматологтар, ЛОР дәрігерлері университеттің медициналық орталығында біліктілігін арттырды. Ал бір топ кардиохирургтар Стамбулдағы Жүрек орталығында біліктілігін арттырып келді.
Облыстық балалар ауруханасының мамандары балаларға сапалы әрі уақтылы көмек көрсету үшін біліктілігін арттырудан бастап жоғары технологиялық құрал-жабдықтар алуға дейін қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Бүгінгі таңда аз инвазивті араласулар санатына жататын эндоваскулярлық хирургия кеңінен қолданылады. Бұл техниканың негізгі мәні — жүрекке және басқа ішкі органдарға қол жеткізу үшін тамырларды пайдалану. Құралдар тамыр немесе артерия арқылы енгізіледі, бұл пациенттің денесінің жарақатын азайтады және жүректің дәстүрлі хирургиялық әдістерге қол жетпейтін жерлеріне жетуге мүмкіндік береді. Эндоваскулярлық хирургияда қолданылатын негізгі құрылғылардың бірі — ангиографиялық кешен. Бұл рентген сәулелерінің көмегімен нақты уақыт режимінде қан тамырлары мен жүректің анатомиясын зерттеуге мүмкіндік беретін күрделі медициналық жабдық. Ангиографиялық кешен араласу процесін дәл визуализациялауды және бақылауды қамтамасыз етеді, бұл процедуралардың қауіпсіздігі мен тиімділігін айтарлықтай арттырады. Эндоваскулярлық хирургия жүректің ишемиялық ауруы, аневризма және артерия тромбозы сияқты әртүрлі жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде қолданылады. Осы әдістеменің арқасында пациенттер асқынулардың минималды қаупімен тез қалпына келе алады, бұл оны заманауи медицинада таңдаулы жүйеге айналдырады.
Әрине, ашық операция ауырырақ, бірақ ол балама болмаған кезде қолданылады. Хирург үшін қиындық пациенттің жүрегінің кішкентай болуы, ал хирург пен көмекшілердің белгілі бір араласуларды орындау үшін аз маневрлері қажет. Егер ашық хирургия туралы айтатын болсақ, онда ол көбінесе жасанды айналыммен орындалады. Бұл науқастың жүрегі біраз уақытқа тоқтап қалады, ал хирургқа қажетті әрекеттерді орындау үшін шектеулі уақыт бар. Мұндай операциялар өте жоғары біліктілікті талап етеді. Уақыты шектеулі хирург операция алдында барлық әрекеттерін нақты жоспарлайды. Қолы епті хирургтар тәуекелге бара отырып, осындай күрделі оталарды сәтті жүзеге асырып жүр.
2011 жылдан бері Түркістан облысында облыстық неонаталдық хирургия орталығы жұмыс істейді. Операциядан кейінгі кезеңде өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Ал бұл жерде медицина қызметкерлерінің кәсібилігі үлкен рөл атқарады. Кардиохирургиялық қызмет республикалық деңгейде жұмыс істейді. Ата-анаға баласын республикалық медициналық орталықтарға апарудың қажеті жоқ. Ауруханада балаға толыққанды көмек көрсетіледі. Операциядан кейін дереу медициналық оңалтуды жүргізеді, содан кейін дәрігерлер науқасты үш айдан алты айға дейін бақылауда ұстайды. Медицина бір орында тұрмайды облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері қазіргі заманғы диагностика, емдеу және хирургиялық әдістерді меңгеруде. Былтыр ауруханада жаңа МРТ аппараты, ангиограф және қосымша КТ аппараты орнатылған. Ал өкпені жасанды желдету құрылғыларының паркі жаңартылды.
Емдеу мекемесі барлық қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аурухана Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы, ғылыми-зерттеу институты әріптестерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Кардиохирургия қызметінде «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен тығыз байланыста отыр. Мамандар шетелде тағылымдамадан өтіп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін көтеруде. Бұл өз кезегінде науқастардың тау асып, теңіз басып шетелге емделуге баруына мүмкіндік бермейді. Шетелдердегі ең мықты орталықтармен бірлесе жұмыс жасайды. Алдағы уақытта тағы да тәжірибесі озық орталықтармен меморандумға отыру жоспары бар. Осылайша аурухана еліміздегі ең озат орталықтардың біріне айналып келеді. Бүгінде еліміздің өзге өңірлерінен ат арытып осында емделуге келетіндердің қатары тағы да артқалы отыр. Мұның барлығы да тәжірибесі бай дәрігерлердің көптігінен қол жеткізіп отырған нәтиже.