Дүниежүзілік темекі шегуге қарсы күрес күні және Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Түркістан облысындағы барлық аудандарда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жастардың ғасыр дертіне қарсы иммунитетін қалыптастыру бағытында ұйымдастырылып жатқан шаралар жоғарғы деңгейде өтуде. Оның барлығы да жастарды жаман әдеттерден жирендіріп, жақсыны үйрету болып табылады. Жуырда Түркістан облысына қарасты Шардара аудандық орталық ауруханасының психолог маманы Т.Шырынбекова «Өз өмірің – өз қолыңда» тақырыбында жастар арасында тренинг өткізді. Тренингтің басты мақсаты — өмірдің құндылығы, өмірге деген сүйіспеншілік туралы түсінік беру, позитивті көңіл-күй орнату, достық қарым-қатынасты нығайту, сергіту сондай-ақ темекі шегу, есірткі тұтыну сынды жаман әдеттерден бойды аулақ салуға үндейтін шара болып табылады. Жастар аталмыш шараға белсене қатысты. Тақырыпқа қызығушылық танытып, түсінбеген дүниелері туралы сұрақтар қойып, белсене қатысты. Аталмыш шара қатып қалған қағидадан тысқары, достық мамыражай қалыпта өтті. Жастар еркін пікір алмасты. Олар өздерін толғандырған сауалдарын жолдай отырып, айналаға құрметпен қарау, денсаулықты күту, физикалық және психикалық үйлесімділіктің маңыздылығы жайлы тереңірек жан жақты талқылады. Тренингтің тәжірибелік бөлігі де жүргізілді, оның ішінде коммуникативті дағдыларды дамытуға, топпен жұмыс жасауға, достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған түрлі жаттығулар жасалды. Түрлі ойындар ойнатылды, мәселелерді шешу, қиындықтар талқылау және жағдайлардың ортақ шешімін табуға тырысу, мәселені бірлесе шешу жайы қозғалды. Теріс жолға түсу жарға жығатынын, сондықтан да мұндай шаралардың ол жолға түспеуге ықпал ететіндігін талқы таразысына салды. Аталмыш семинар-тренингте денсаулық пен ұзақ өмір сүру үшін темекі шегуді және есірткіні тұтынуды тоқтатудың маңыздылығы терең талқыланды. Темекі мен есірткіні қолданудың ағзаға тигізетін зардаптарын, сондай-ақ тәуелділікпен күресу жолдарын қарастырды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, зиянды әдеттерден бас тарту бойынша практикалық ұсыныстар ала алады. Жасырары жоқ бүгінде әлеуметтік желіде ғасыр дерті болып отырған нашақорлыққа жымын білдірмей үндейтін түрлі контенттер де жоқ емес. Сондай жоқ жерден «су жүгіртетін» кездейсоқ дүниелерден сақ болу қажеттігі де айтылды. Жалпы жастардың құрдымға тартатын нашақорлық сынды дерттерден аулақ болуы үшін ақпараттық түсіндірме жұмыстарының берері көп. Тереңіне тартып кететін ондай солақай жолдың сорабына бір түскен адамның қайтып шығуы қиын болатыны туралы да көбірек айтыла беруі қажет. Ақпаратпен қаруланған жастар жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайтыны анық. Семинар барысында есірткі бизнесімен күресу шаралары және нашақорлықтан зардап шегетін адамдарға сол жолдан шығу үшін қалай қолдау көрсетілетіні туралы да айтылды. Бұл күн қоғамның назарын нашақорлық пен есірткі бизнесі мәселесіне аудару, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу және оларға көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтуге арналған. Бүгінде нашақорлық пен темекі шегумен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Ғаламтордың арқасында ақпарат оңай қолжетімді болған қазіргі уақытта оған сын көзбен қарау маңызды. Көптеген дереккөздер біржақты немесе сенімсіз болуы мүмкін, сондықтан да жастарға барынша талдау жасап, фактілерді тексеру қажеттілігі ескертілді. Ақпаратты талдау, аргументтерді түсіну және өз көзқарасын білдіру қабілеті негізделген шешімдер қабылдауға ғана емес, сонымен қатар пікірталастарда өз идеяларын қорғауға көмектеседі. Тек лекция оқу ғана емес, сергіту сәтінде түрлі ойындар ойналып, жастардың өзі де шараның қызықты өтуіне атсалысты. Ғасыр дерті жайлы жастар мол мағлұмат алып тарасты.