Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық орталық ауруханасы атаулы күндерді құр жіберген емес, ұдайы өз үлестерін қосып келеді. Аурудың алдын алу, түрлі дерттерден сақтану жолдары туралы мол мағлұмат беретін түрлі шаралар өткізуде асығы алшы. Жуырда аталмыш ауруханада ”Ерікті донор” қайырымдылық акциясы өтті. Атаулы күнге атсалысуға келгендердің қарасы қалың. ”Ерікті донор” қайырымдылық акциясында Басшы орынбасарлары мен медицина мекемесінің қызметкерлері және аудан тұрғындары қан тапсырды.
Ауруханада өткен қайырымдылық акциясында 103 адам қан тапсырды. Акцияға қатысушылардың қатарында бұған дейін де бірнеше рет қан тапсырған қызметкерлер мен алғаш рет қолға алған донорлар да бар. Осы науқанның арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін құнды қан қорын жинау мүмкін болды. Акцияға қатысушылар қанға зәру жандарға көмек көрсету мүмкіндігіне дән риза болды. Мұндай шаралар қанмен қамтамасыз етуді көбейтіп қана қоймай, адамдардың донорлықтың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттырады. Қанға зәру жандарға қол ұшын созып, мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу үшін осындай шаралар алдағы уақытта да өткізіліп тұрады деген сенім мол.
Бүгінде қан тапсыруға үндейтін акциялар жиі өткізіліп тұрады. Егер де әрбір тұрғын қан тапсыруды өзіне азаматтық парыз деп санаса, дертіне дауа тілеп жатқан қаншама науқас ауруынан айығып, қатарға қосылар еді. Өзгеге жақсылық жасау осындай аз ғана көмектен де көрініс таппақ. Белгілі бір уақыт аралығында қан тапсырып тұру өте пайдалы. Өйткені қан тапсырған адамның иммундық жүйесі жақсарып, қан айналымы жақсарады. Бүкіл ағзаға тигізер оң пайдасы бар. Сонымен жүйелі қан тапсыру жүрек-тамыр жүйесін нығайтып, ағзаның өзін-өзі жаңарту қызметін қамтамасыз етеді. Оның үстіне, азаматтардың қаны елдегі ғана емес, одан тыс жерлерде де адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін, өйткені қан ортақ банкке түседі және апат немесе ірі төтенше жағдай кезінде пайдалануға болады. Қан тапсыру сонымен қатар қоғамда бірлік пен ынтымақты қалыптастыруға көмектеседі, өйткені адамдар басқалардың денсаулығына қамқорлық көрсетеді және басқаларға көмектесуге дайын. Сондықтан қанмен қамтамасыз етуді оңтайлы деңгейде ұстап тұру және пациенттердің өмірін сақтап қалу үшін қан тапсыру мәдениетін насихаттау және оны тек төтенше жағдайларда ғана емес, жүйелі түрде жасау маңызды. Қанды кез келген дені сау, 18 жастан асқан, салмағы кем дегенде 50 келіден асатын адам тапсыра алады. Қан тапсырар алдын медициналық тексерулерден өтеді. Гепатитпен және басқа да аурулармен ауырған адамдар қан тапсыруға болмайды. Донорлыққа қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар ғана қан тапсыра алады. Бір адам тапсыратын 450 мл қанның физиологиялық дозасы үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қан тапсыру – қиын жағдайда адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін сауапты әрі маңызды іс. Қан тапсыру – мұқтаж жандарға қамқорлық пен қолдау көрсету болып табылмақ. Қан тапсыруға ниетті жандар жақын жердегі қан орталығына немесе ауруханаға баруына болады. Медициналық тексеруден, тестілеуден өткеннен кейін қан тапсырып, мұқтаж жандарға көмектесуге болады. Ұдайы қан тапсыру арқылы өте мұқтаж адамдарға көмектесу үшін жеткілікті қан қорының болуын қамтамасыз етуге болады. Сондықтан да қан тапсыру қайырымдылықтың бір көрінісі болса керек.