Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шарапатын көріп отырғандардың қарасы қалың. Әсіресе күрделі ауруларды емдеуде, ота жасауда аталған жобаның тиімділігі көп. Жуырда Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде, алғаш рет ишемиялық инсульт кезінде қолданылатын тромбоэкстракция отасын сәтті жүзеге асырды. Бұған дейін де қиын да күрделі оталарды жасап жүрген дәрігерлер бұл жолғы сын сағатта да сыр берген жоқ. Қолы епсекті дәрігерлер аз ғана уақыттың ішінде отаны сәтті аяқтады.
Бүгінгі таңда инсульт ауруы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде маңызды медициналық-әлеуметтік проблема болып тұр. Аталмыш дерттің тұзағына түсетіндер көбейіп барады әрі жасарып барады. Бұл сырқаттанушылықтың, өлім-жітімнің және мүгедектіктің өсуінің жоғары көрсеткіштеріне байланысты.
Тромбоэкстракция технологиясы ми тамырларындағы қан ағымын тез және тиімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді, бұл пациенттің тез қалпына келуіне ықпал етеді және инсульттан кейінгі асқынулардың қаупін азайтады. Бұл операция инсультті емдеудің ең заманауи әдістерінің бірі болып табылады және көптеген адамдардың өмірін сақтауға көмектеседі.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының медицина қызметкерлері науқастарға сапалы әрі тиімді медициналық көмек көрсету үшін үздіксіз біліктілігін арттырып, емдеудің соңғы әдістерін енгізуде. Түркістандық дәрігерлердің бүгінде біліктіліктері артып өсіп, дамып, адамдарға ауыр аурулардан кейін салауатты өмірге оралуына септесіп жүр.
Соңғы жылдары инсультті емдеудің әдеттегі әдістерінің бірі көктамырішілік тромболитикалық терапия болып келеді. Қазіргі уақытта ишемиялық инсультті емдеуде белсенді дамып келе жатқан ең тиімді әдісі бұл – механикалық тромбоэкстракция. Бұл әдіс қан ағынын блоктайтын және инсультты тудыратын тамырлардан қан ұйығыштарын жою үшін микрокатетер немесе тромбектомдар сияқты арнайы құрылғыларды пайдаланады. Бұл процедура әдетте инсульт белгілері пайда болғаннан кейін 6 сағат ішінде орындалады және әрі сәтті жүзеге асырылып жүр.
Механикалық тромбоэкстракция көбінесе емдеу нәтижесін жақсарту үшін көктамырішілік тромболитиктермен біріктіріледі. Бұл аралас тәсіл мидың зақымдалған аймағына қан ағымын қалпына келтіру ықтималдығын арттырады және инсульттің салдарын азайтады.
Дегенмен, барлық пациенттер механикалық тромбоэкстракцияға сәйкес келмейтінін есте ұстаған жөн, оны қолдану туралы шешім мұқият бағалау және процедураның қауіптері мен пайдасын бағалаудан кейін қабылдануы керек. Сондықтан, егер науқаста инсульт белгілері болса, мамандар нақты жағдайы үшін ең тиімді емдеуді анықтай алуы үшін мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Күні кеше ауруханаға жедел-жәрдеммен, жедел ми-қан айналымының ауыр және күрделі бұзылыстарымен 55 жасар пациент жеткізілген болатын. Науқас «терапевтік терезеге» (клиниканың басынан бастап 3-4,5 сағат) түсуін ескере отырып, қысқа мерзімде диагноз қойылды. Дәрігерлер шұғыл шешім қабылдады. Оған тромболизистік терапия жүргізілді және аталған бірегей ота жоспардан тыс, шұғыл жасалды. Аурухананың инсульт орталығы бөлімінің меңгерушісі С.Нұртаев және рентген-хирург Б.Усманов бірлесе отырып, отаны сәтті жасап шықты. Қолы алтын дәрігерлердің арқасында науқас инсульттің ауыр зардаптарынан құтылып, тез қалпына келді.
Бұл жағдай медицина мамандары арасындағы тиімді әрекеттестіктің және қиын жағдайға жедел әрекет етудің тамаша үлгісі болып табылса керек. Заманауи емдеу әдістері мен жоғары білікті медициналық қызметкерлердің арқасында науқастың өмірін сақтап қалуға және оның толық сауығып кетуіне мүмкіндік туды. Бұл оқиға инсультке күдік туындаған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығын көрсетеді және мамандардың ұжымдық жұмысы адамның өмірін қалай құтқара алатынын көрсетеді.
Салада алғаш рет қолданылған емдеу әдісі мидың бітелген тамырына стент-ретриверді енгізу арқылы, ұйыған қанды механикалық түрде алып, сыртқа шығару арқылы қалыпты қан ағымын тез және тиімді қалпына келтіреді.
Бұл өте тиімді әдіс. Нәтижесінде мидың зақымдануын болдырмай, инсульттің ауыр зардаптарына соқтырмайды. Ота рентгендік бақылау арқылы жүзеге асырылады. Бұл дәл және қауіпсіз араласуды қамтамасыз етеді. Әдістің бірегейлігі оның минималды инвазивті сипаты мен жоғары тиімділігінде жатыр.
Бір әттеген-айы инсульт басталғаннан кейінгі алғашқы 6 сағатта ғана жасауға болады. Сондықтан да инсультқа күдік туындаған жағдайда тез арада жедел жәрдемге хабарласып, ауруханаға жеткізудің көп көмегі бар. Әрине қауіпті аурудың келтірер зардабы орасан. Сондықтан да науқастың қалыпты жағдайда қалуы үшін алғашқы көмектің пайдасы орасан. Бүгінгі таңда тромбоэкстракция технологиясы аталмыш ауруханада кеңінен қолданылуда. Инсульттан құлаған науқастарды қатарға қосуға аталған технологияның пайдасы зор.
Науқастың өмірін сақтап қалу үшін әр минут тіпті әр секунд маңызды. Денсаулық сақшыларының жоғары біліктілігі мен тәжірибесі, заманауи озық емдеу әдістерін қолдану және шұғыл әрекет етуі отаның сәтті аяқталуына септігін тигізеді. Сол себептен де ауруханаға уақтылы жету және инсультті ерте анықтау өте маңызды. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін аталған шаралардың бәрі де маңызды роль атқарады.