Бүгінде Түркістан облысының шалғай шеттегі ауыл, аудандарында дәрігер мамандықтарының жетіспеушілігі басым. Жоғарғы оқу орнын бітірген жастар ауылдарға барғысы келмейтіні жасырын емес. Көбісі қалада қалады, не болмаса оқуын ары қарай жалғастырады. Дегенмен мемлекет тарапынан бүгінде жас мамандарды қолдауға бағытталған түрлі шаралар қолға алынуда. Соның бірі ауылға жұмысқа барған жастарды баспанамен қамту, одан бөлек, бір реттік қомақты қаражатпен де қамтуда. Бұдан кейін тапшы мамандар тізімі жасақталып, бүгінде арнайы гранттар да бөлінуде.
Түркістанда жаңа оқу жылына 29 мамандық бойынша жалпы 189 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілген болатын. Бүгін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2024-2025 оқу жылына жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия отырысы өтті. Мемлекеттік білім беру тапсырысын оқу орындарына орналастыру жайын жан жақты саралады. Комиссия отырысында өңіріміздегі тапшы медицина мамандарын даярлауға қаржы ресурстарын бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы өңір экономикасының қажеттіліктері мен қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындары арасында бөлінетін болады.
Бұл облыстың барлық тұрғындарының сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етіп, Түркістанды дамытуға қажетті жоғары білікті кадрларды дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл әдіс аймақтағы білім сапасын арттыруға, мамандықтардың беделін арттыруға және ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға ықпал етеді.
Кадр даярлауда сапаны көтеру басты мәселе болып отыр. Әсіресе жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау сапасын көтеру, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген мамандар даярлау – бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Түркістан облысында медицина мамандарына 250-ге жуық кадр тапшылығы бар. Мамандардың жетіспеушілігін шешу мақсатында биыл облыста алдағы оқу жылында алғаш рет қаражат бөлініп отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысын еліміздегі 6 үздік жоғарғы оқу орындарына орналастыру қарастырылмақ. Сонымен қатар, халықтың барлық топтары, соның ішінде шалғай елді мекен тұрғындары үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін қашықтықтан оқытуды дамытып, өңірлерде мамандар даярлау орталықтарын құрып, оқытушылар мен студенттердің тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету қажет.
Осылайша, Түркістан облысында кадрлар даярлаудың сапасын арттыру білім беру ұйымдарын қаржылық қолдауды да, барлық топтары үшін білімнің қолжетімділігі үшін жағдай жасауды да қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдағы оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынған құжаттарын қарады. Ұйымдар ұсынатын білім беру бағдарламалары мен біліктіліктерін бағалау. Мамандарды даярлау сапасын ескере отырып, мемлекеттік тапсырыстарды оқу орындары арасында бөлу. Оқытуды қаржыландыру жоспарын құру. Мемлекеттік тапсырыстарға үміткерлерді іріктеу критерийлерін әзірлеу. Кадрларды оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты орындау бойынша есептерді дайындау. Осы мәселелер қаралды. Білікті кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық шешімімен бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бакалавриатта даярлауға – 50 орын белгіленіп отыр. Оның 15-і «Денсаулық сақтау» мамандығы болса, 35-і «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша. Ал «Денсаулық сақтау» мамандығында резидентурада даярлауға 139 орын бөлінді. Мұның барлығы да өңірдегі медицина мамандарының тапшылығын жою үшін атқарылып отырған шаруалар болып табылады.
Мамандар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақстандық медицина университеті, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты, академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы, Қазақстан-Ресей медициналық университетінде даярланатын болады. Аталған оқу орындарының барлығы да үздік мамандар даяраумен аты шыққан оқу орындары. Мәселен облыс орталығындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алатын білімгерлер өз білімін шыңдау және тәжірибе арттыру мақсатында Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы 100-ден астам университеттерде кемі 1 немесе 2 семестр акамдемиялық ұтқырлы бағдарламасы бойынша білім ала алатын болады. Қазіргі таңда аталған оқу орны түрік еліндегі серіктес университетпен байланыс орнатып жатыр. Екі жақты келісім нәтижесінде мамандықтар ретіне қарай жазғы практика да жоспарлануда. Сонымен қатар қос дипломды білім беру бағдарламасы арқылы студенттердің білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Осылайша Түркістан облысында жоғары тәжірибелі, білікті мамандар қатары арта түспек. Медицина мамандарын даярлауға осылайша ізгі қадамдар жасалуда. Бұл өз кезегінде өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің түйінін тарқатып, өрге өрлеуіне сеп болмақ.