Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласына барынша көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Оның ішінде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, сол мақсатта мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалану туралы тапсырма берген болатын.
Бүгінде Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жергілікті кәсіпкерлерді инвестор ретінде тартудан бөлек, шетелдік инвесторларды тарту да сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде түркиялық инвесторлардың Түркістан облысына қызығушылығы артып келеді. Түрлі салаларға оның ішінде медицина саласына инвестиция құюға бейілдері көп. Түркияда бүгінде медициналық туризм мықты дамығаны белгілі. Әлемнің әр түкпірінен жыл сайын Түркияға туристер тек демалуға ғана емес, емделуге, денсаулық жағдайымен тексерілуге де ағылады. Бүгінде Түркиядағы жетекші медицина орталықтары Қазақстанға оның ішінде Түркістанға инвестиция құюға құлшыныс танытып отыр. Күні кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркиядан келген инвесторлармен кездесті. Өңір басшысы атақты B.B.NURA басшысы Фатих Эргезерм және VIAMEDIS басшысы Асет Ахметовты қабылдады. Олар бастаған делегация Түркістан облысына денсаулық сақтау саласына инвестиция құюға бейіл екендіктерін алға тартты, сонымен бірқатар жобаларды жан-жақты талқылады. Түркиялық инвесторлар созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастарды емдеумен айналысатын амбулаторлы диализ орталықтарын ашу жобасына қызығушылық танытып отыр. Осы жоба бойынша 500 орындық реабилитациялық орталығы бар медициналық кешен, салуды жоспарлап отыр. Өңір басшысымен бірге аталмыш жобаны жан жақты сараптап, терең талқылау жасады. Бүгінде өңірімізде созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастар қатары аз емес. Облыстың шалғай шетінде орналасқан ауыл, аудандардағы науқастар рухани орталықтағы заманауи аураханаға келіп, толыққанды емделуіне мүмкіндік тумақ.
Барлық орталықтар Америка, Германия мен Жапониядан шығарылған жетекші өндірушілердің заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен жабдықталатын болады. Бір ғана жобамен шектеліп қалмай түрік компаниясы мемлекеттік-жекеменшік негізде бірқатар емханаларды дамытуға үлес қосуға ниетті. Облыс әкімі өз кезегінде, өңірге қажетті жобалар бойынша инвесторларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Ол үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылатынын атап өтті. Жер телімін бөлу, инфрақұрылым, салық жағынан да көптеген жеңілдіктер болатынын алға тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында бүгінде Түркістан облысында биыл 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жоспарланған болатын. Ауыл халқы үшін көмегі көп бұл кешендердің барлығы да сапалы медициналық көмек көрсететін орталық болмақ. Бүгінде осы бағытта жеке инвестор есебінен бірнеше ФАП құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін аталмыш нысандар заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады. Кәсіби мамандармен қамту жағы да бүгінде жоспар жоба бойынша пысықталу үстінде. Бұдан бөлек, облыс аумағында жаңа құрылысты қажет ететін 61 медициналық нысандарды алдағы 2025-2026 жылдар аралығында инвестиция тарту арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Осылайша өңірдегі біршама медициналық нысандар бой көтеріп, халық саулығын жақсарту жолында қызмет ететін болады.