Бүгінде балағынан бала саулаған күнгейлік аналар жарап тұр. Еліміздегі әрбір төртінші сәбидің біздің өңірімізде дүниеге келетіні белгілі. Бүгінгі күннің басты мәселесі ана саулығы мен бала денсаулығы болып отырғаны рас. Дәрігерлер жүктілікті жоспарлау қажеттігін баса айтқанмен, оны құлағына құятындардың қатары көп деп айта алмайсыз. Нәтижесінде шала туылған сәби, денсаулығы сыр берген аналар қатары көбейеді. Ал шала туылған нәрестелерді қатарға қосу да оңай емес. Осы орайда, Түркістан облысының №2 перинатальдық орталығы жүкті әйелдерге жоғары білікті медициналық көмек көрсететін көпсалалы медициналық мекеме. Аталмыш орталықтың бас дәрігері Эльмира Ағабекқызы салаға қатысты сан сауалға жауап берді.
- Эльмира Ағабекқызы, Қазақстандағы әрбір төртінші сәби біздің облыста дүниеге келеді. Өткен жылы бізде қанша сәби дүниеге келді?
- Иә, елімізде әрбір төртінші сәби біздің Түркістан облысында дүниеге келеді. Әрине, осындай айтулы қуанышқа біздің ұжымымыз қатысып жатқаны, барынша ана мен баланың денсаулығына үлес қосып отырғаны біз үшін үлкен жетістік деп санаймын.
Өткен жылы Түркістан облысы бойынша 54470 сәби дүние есігін ашып, еліміздің халық санының 20 миллионға жетуіне өз үлестерін қосты. Айта кететінім, 20 миллионшы сәби Жетісай өңірінде дүниеге келді.
— Ана мен балаға барынша жағдай жасауға көптеп көңіл бөлініп отыр. Осыған орай, орталықта жоғары сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық құрал-жабдықтар бар ма? Орталық заманауи аппараттармен толық жабдықталған ба? Білікті кадрлар мәселесі қалай шешілген?
– Орталық толыққанды медициналық көмек көрсетуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.
Айта кететінім, Денсаулық сақтау Министрлігінің бұйрығына сәйкес Түркістан облысы бойынша «№2 Облыстық перинаталдық орталығы» Республика деңгейінде жүзеге асырылған «Бір күндік клиника» пилоттық жобасының қатысушысы болып бекітілген. Ағымдағы жылдың 1-ші маусымында орталық ішінен «Ұрықты қорғау орталығы» ресми түрде ашылды.
Жоба аясында болашақ аналарымыз Еуропалық стандарттарға сай аппараттары арқылы 1 күнде толық скрининг тексеруден өтіп, дәрігер генетиктік қабылдауында бола алады.
Білікті кадрлар жеткілікті. Кадр ресурстарын әрі қарай дамыту мақсатында тек елімізде ғана емес, сонымен қатар шет мемлекеттерге біліктіліктерін жетілдіруге жолдануда. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласында 2 дәрігер неонатологымыз біліктілігін арттыруда.
- Ана саулығы мен бала денсаулығына бүгінде күн тәртібінде тұр. Бала туу жасындағы әйелдердің денсаулық мәселесі қалай? Ана өлімі азайды деген мәліметтер бар…
-Өкінішке орай бүгінгі таңда бұл өте маңызды сұрақ. Себебі, болашақ аналарымыз дәрігерге жүкті болғаннан кейін ғана қаралады. Бұл жағдайда экстрагениталды аурулар, жоғарғы артериалды қысым, қант диабеті, варикозды веналар және семіздік сынды аурулар көп сұрақтар туындатады. Мен өз тарапымнан болашақ аналарға жүктілікті дұрыс жоспарлауға және мамандардан тексерілуді жүктілікке дейін өтуге кеңес беремін.
Шала туылған балалар саны көбейіп жатыр ма, неліктен?
– Міне осы сұрақтың жауабы жоғарғы тұрған жауап. Жүктілік әйел ағзасына жиі емтихан секілді. Жүктілік кезінде анықталған аурулар асқынуы мүмкін, сондықтан жүктілікті кез келген мерзімде 22 апта да немесе 30 аптада да үзуге мәжбүр болады. Міне осындан медицина қызметкерлері мен ананың тарапынан 2 есе күтімді қажет ететін шала туылған нәрестелер саны артуда.
- Әйелдер арасында онкологиялық аурулар көбейіп барады деп дабыл қағуда. Түпкі себебі неде деп ойлайсыз?
Әрбір әйел өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, дер кезінде профилактикалық қараудан өтуі тиіс. Ерте анықталған ауруды уақытылы емдеу сәтті нәтижеге алып келеді. Әйел өз денсаулығына немқұрайлы қарамаса екен деймін.
- Жүктілікті жоспарлау туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі ме?
- Әрине жүктілікті жоспарлауға қазір әлеуметті желілер толыққанды қамтылған. Сонымен қатар емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Бірақ, сол отбасын жоспарлау кабинеттерін әйелдеріміз қаншалықты барады міне осы да сұрақ. Сондықтан осындай кабинеттерге тек болашақ аналар ғана емес, болашақ әкелер де баруы керек. Дені сау ана дегеніміз ол — сау бала, сау ұлт. Міне, саулықтың нәтижесі ол отбасы, қоғам және әлемнің амандығы.
Сұхбаттасқан: Әлия Анарбекқызы