Сайрам ауданында халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Маңызды мәселе аудан әкімі Арман Сәбитовтің жіті бақылауында. Бүгінде Әйтеке би ауылында 1 гектар аумақта жеке инвестор есебінен 2 қабатты 3 арендалық тұрғын үй салынып жатыр. Аталған құрылыс нысанында 80 пәтер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілмек.
Сонымен қатар, биыл «Барыс Құрылыс» ЖШС-і тарапынан Ақбастау ауылынан жалпы 2 қабатты 3 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Аталған жоба «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынбақ.
Айта кетейік, бүгінде ауданның бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, Қарасу ауылдық округі аумағынан 57 га аумақта жаңа мөлтек аудан бой көтереді. Онда алдағы уақытта 5 қабатты 47 тұрғын үй, әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салынбақ.