
фото ТОӨКҚ
Ата-бабамыздан жеткен игі дәстүрлердің бірі – қымызмұрындық. Жаз жайлауға көшкен елдің алғаш ашытқан қымызын бөлісіп, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қауышып, ақ баталы қариялар мен ақ жаулықты аналарды дәмге шақыратын ізгі салт.
Осы дәстүрді жаңғырту мақсатында аудан орталығындағы Ардагерлер саябағында «Қымызмұрындық» іс-шарасы өткізілді. Арнайы тігілген киіз үйде ауыл ақсақалдары, ел ардақтылары, зиялы қауым өкілдері мен түрлі этностардың өкілдері бас қосты. Қымыз сапырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Ақсақалдар батасын беріп, ұрпақ тәрбиесі, ел бірлігі және дәстүр сабақтастығы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ауыл қарияларының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан басшысы өз сөзінде ұлттың рухани жаңғыруы мен дәстүрлі құндылықтарды ұлықтаудың маңызына тоқталды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты ата-баба жолын қадірлеуге, салт-дәстүрді сыйлауға тәрбиелейді. Қымызмұрындық – тек қымыз ішу емес, ұлт бірлігін, ауыл ынтымағын, ұрпақ сабақтастығын насихаттайтын салт. Бұл шара – ұлт руханиятының, мәдениетінің, дархан көңілінің жарқын көрінісі болды.