— Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша жағдай жасау қажеттігі туралы Елбасы Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Дегенмен тиісті мекемелер тарапынан міндеттемелерді орындау барысы тым баяу сынды. Оңалту шараларының өз деңгейінде атқарылмауынан да болар, бүгінде облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны артып барады…
— 2010 жыл мен бүгінгі күнге дейінгі санақты салыстыратын болсақ облыс бойынша соңғы бес жылда мүмкіндігі шектеулі азаматтар 32 мыңға дейін өсіп отыр. Биылғы жылдың 1 тамызындағы санақпен салыстыратын болсақ облыс бойынша 110 269 азамат тіркелген. Бұл 40 пайызға артқан деген сөз. Әсіресе аудандарда өсу қарқыны байқалады. Әрбір мүгедектік тағайындалған адамға бағдарлама бойынша 4 пакет дайындаймыз, яғни оңалтудың жеке бағдарламасын дайындап береміз. Әр мүмкіндігі шектеулі азаматқа арнайы жәрдемақы тағайындалатыны белгілі, сонымен қатар оңалту бағдарламасы қоса даярланады. Егер оңалту бағдарламасы жүйелі жүзеге аспаса әрине мүгедектер көбеймесе азаймайды. Осы басқармаға келгеніме бір жарым жылға жуықтады, осы аралықта арнайы сараптама жасадық. Талдап отырсақ осы оңалту бағдарламалары дұрыс дамытылып отырған жоқ. 4 пакет дайындалады десек соның алғашқысы жәрдемақы болса, қалғаны медициналық бөлігі, әлеуметтік және кәсіптік бөлігі жөндемді жүзеге асырылып жатқан жоқ. Биылғы жарты жылдықта есепте тұрған азаматтардың 50 пайызы ғана медициналық көмек түріне жүгінген. Бұл дегеніңіз медициналық емдеу дәрежесінің төмендігі. Бір жарым жылда жөндемді ем қабылдамаса оңалудың орнына ары қарай ауруы асқынып кетпей ме? Әрбір ауданды аралағанда әкімдерге нақты талдау жасап бердім. Әр аудан, қалада қанша мүмкіндігі шектеулі азамат бар, олар қандай диагнозбен ауырады, қай ауыл округінде тұрады соның бәрі ескеріліп есепке алынуы тиіс. Қаржы бөлінбеу салдарынан емделе алмаса ол басқа мәселе. Ал ең бастысы сол мүгедек адам бар ма өзі, ең басты мәселе осында. Мысалы, ОҚО-да есепте тұрады, бірақ Атырау, Ақтау қалаларына барып жұмыс істейді. Бағдарламаға осы жақтан тіркелсе, әрине онда бұл жақтан медициналық көмек алмайды. Сол себептен аудан әкімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырдық. Мүгедектікке шыққан адам қалай болғанда да медициналық көмек түріне жүгінуі тиіс. Амбулаторлық, стационаралық түрде болса да ем қабылдауы керек. Бәлкім жағдайы болмағандықтан бара алмауы да мүмкін. Жолақысын таба алмауы да ғажап емес. Шалғай шеттегі ауылдарда тұратын жандардың аудан орталығына қандай да бір себептермен келе алмауы мүмкін ғой, расында.
— Әлеуметтік қолдау шаралары қалай жүзеге асырылуда?
— Бүгінде әлеуметтік қолдау шаралары аясында ортопедиялық құрал жабдықтар, сурдотехникалық, тифло-құралдардың барлығы мемлекет тарапынан тегін беріледі. Кімге қандай құрал-жабдықтар қажет, кімге санаторлы-курорттық емдеу қажет соның барлығы да оңалту бағдарламасында қамтылады. Қажетті ортопедиялық құрал-жабдықтарды келіп алмайтындар да бар. Олар неге алмай жатыр? Егер де аяғына протез қажет болса ол қандай жағдай болғанда да барып алады. Құжатқа қарасаңыз «өтініш бермеген» деп жазып қояды. Бұл жерде ең басты мәселе қаржының дұрыс қарастырылмағандығында. Мұқтаж адамды кері қайтара береді. Жуырда ғана ортопедялық құрал-жабдықтардың тізімін қарап шықтым, 30 пайыз қаржы жетіспейді. Әкімшілікте қаржыны қарастырғанда сұралатын қаржының есебін дұрыстап жасамайды. Мәселен, бүгін бір адам мүгедектікке шықты ма, оның құжаты ертесіне өткізіледі. Бұдан шығатын қорытынды есеп дұрыстап жасалмайды. Тірек қимыл жүйесі бұзылған балаларға «ходунок» аса қажетті құрал. Соның 1 000 шақтысы жетіспейді. Бір жарым жылда 30 пайыз ғана орындалған. Үшінші бөлікке жататын яғни, ол кәсіптік бөлік дегеніңіз мүгедек азаматтарды қайта кәсіптік бағдарлау. Мәселен, мамандығы мұғалім бола тұра, оған ыңғайлы жұмыс жоқ болса оны тігіншілікке оқытамыз. Бұл бағдарламаның орындалуы да 27 –ақ пайыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан жағдай өз дәрежесінде емес. Жылына осы топқа жататын адамдардың 5 пайызға өсуі ойландыратын жағдай. Мүгедектердің қатары толықпауы үшін алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Алдымен тізімде тұрғандарды түгендеп алу қажет. Олардың жүріп тұруы үшін бейімдеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінеді. Әрбір пайдалануға берілген нысанның пандусы болуы тиіс, кіріп шығатын есіктер ыңғайлы етіп жасалуы керек. 2014 жылы 960 нысанның құрылысы жүргізілсе, соның 95 пайызына мүгедектер кіріп шыға алмайды, департамент тарапынан жүргізілген тексеру кезінде аныталғаны 544 нысандағы пандустың 505-і талапқа сай емес. Пандусты биік етіп жасайды, кіріп шығуға тіптен ыңғайсыз. Әйтеуір пандус бар ма, бар дегізіп құтылудың амалы сияқты. Демек бейімдеу жұмыстары өз дәрежесінде емес. Сол нысандарды әкімшіліктің өзі рұқсат береді, өзі қабылдап алады. Біз өз тарапымыздан «мүгедектерге жайлы емес» деп дабыл қағамыз. Бірақ бәрібір сонда да қабылдап жібереді. Сол себептен осындай мәселенің бәрін тізіп облыстық прокуратураға жолдадық. Жылына «800-900 мүгедекті жұмысқа тұрғызып жатырмыз» деп ақпар береді. Жылына дені сау, қол аяғы бүтін 800 адамды жұмыспен қамту мүмкін бе? Осы мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек тексеріп көріп едік, шикілік деген жетерлік. Мүмкіндігі шектеулі жандарды кооперативке жұмысқа тұрғызған. Екі-үш күннен кейін ақысыз демалысқа шығарып жіберген. Бұл қандай қолдау шарасы болды сонда? Біз кімді алдап жүрміз?.. Жеке оңалту бағдарламасы, бейімдеу бөлігі, жұмысқа орналастыруды жүйелі жүзеге асыру қажет. Үйдегі жағдайда арнаулы қызмет көрсету деген бар. Үйінен шыға алмайтын 500 адам болса сол адамға үйіне барып қызмет көрсетіледі. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген қызмет деп аталады. Осындай 8 қызмет түрі бар. Банкке, театрға, халыққа қызмет көрсету орталығына алып бару керек. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 70 миллион теңге қаржы бөлінген. Соның 40 миллионы игерілмей кері қайтарылған. Елбасының өзі мүгедек жандарға қамқорлық үшін бөліп жатқан қаржы мына жақтағы бөлімде отырған мамандардың жауапсыздығынан кері қайтарлып жатыр. Мұның барлығы да әрине жауапкершіліктің, жанашырлықтың жоқтығынан. Осы мәселенің бәрін тексердік, анықтадық енді осыған шара көрілуі керек деп прокуратураға жолдадық. Германияда жан басына шаққанда 5-ақ пайыз екен, бізде мынадай екен деп тоқмейілсімеу керек. Әрбір адам үшін күресуіміз керек. Мүгедек адамдардың қатары толығу қарқынымен күресуіміз керек. Денсаулық сақтау саласына жыл сайын 80-90 миллион теңге бөлінеді. Мүгедектіктің кейбірі туа бітті, кейбірі табиғи жағдайлардан болады. Мәселен, жол- көлік оқиғалары тым көбейіп кеткен кезде Елбасының өзі қатаңдату шараларын күшейтіп, жол қозғалысына қатысты заңды қатайтып, айыппұлдарды өсіріп еді қалай болғанда да жол апаты азая бастады. Мүгедектіктің көбеюі де дәл осы жол апаттарының салдарынан болатынын ұмытпайық. Келесі жылды жоспарлағанда 30-40 пайыз артық етіп жоспарласа да болады. Мәселен, мектеп, жол салу да қажет шығар, бірақ соны бір жылға шегерсе ештеңе етпейді. Өйткені ол адам емес. Адам капиталынан артық ештеңе жоқ, егер мүгедек бір жыл күтсе оның денсаулығы одан ары нашарлай береді. 100 мың мүгедекке жылына 4-5 миллиард ақша бөлсе артықтық етпейді. Біздің бір ғана облыстың бюджеті 500 миллиард теңге. Соның бір ғана пайызы бөлінсе, қаншама адамды сақтап қалар едік. Ем алып болған соң әрбір мүгедекке санаторлы- курорттық емделуге арнайы жолдама берілуі тиіс. Былтыр 4 700 мүгедекке жолдама берілсе, соның 800 –і ғана ем-дом алуға барған. Биыл 9 айда 5 500-дей жолдама берілді. Жылдың соңына дейін 6 000 болады. Алдыңғысынан қалған 3 мыңы бар, сонда 9 мың жолдама бөлініп отыр. Бір жолдама 50-70 мың теңге болсын дейік, сонда 360 миллион теңгеге бір мектеп салынбай қалар-ақ. Есесіне сонша адамның денсаулығын жақсартуға жағдай жасар едік. Учаскелік дәрігерлерге қойылатын талапты күшейту керек. Олар өз міндетін атқарғаны үшін ақы алады, ал үй-үйді аралағаны үшін тағы да қосымша қаржы алады. Сонда ауылда тұратын әр мүгедектің үйіне барып, қажетті өтініштерін орындаса, ең бастысы өз ісіне жауапкершілікпен қараса болады ғой. Денсаулығын жақсартуға сеп болатындай санаторияға барып емделуден ешкім де қашпайтын шығар. Шардараның шалғай шетінен келген адам мүгедектікке шығуға зорға жетсе, ол қалған көрсетілетін қызметтерді мүлдем білмеуі мүмкін. Тегін берілетін құралдар, тегін емдеу, санатория туралы. Соны учаскелік дәрігер айтып түсіндіруі қажет. Мүгедектерге жасалатын жағдайдан көбісі хабарсыз. Алыс ауылдарда тұратын кейбіреулері сол тіпті мүгедектігіне берілетін жәрдемақымен бүкіл отбасын асырап отыруы да мүмкін. Бала шағасының аузынан жырып облыс орталығына келуі мұң болуы да мүмкін. Сондықтан да әрбір мүмкіндігі шектеулі жанның мемлекет тарапынан қарастырылған көмектен шет қалмауы тиіс. Аудан әкімдері бәрін орайластыруы қажет.