
Оны ойда-жоқта жолықтырдым. Өзгеріп кетіпті. Жаны жәудір жандардың бірі болатын. Қазіргі тұрысында нарықтың нанын қалай тауып жеуді жетік меңгерген бесаспап көрінді. Тосырқап қалғаным рас. Мектептегі бүкіл мұғалімді адалдығымен, ақжүректігімен баурап алған Балнұр бүгінгі кейпінде бүкіл болмысынан ажырап қалғандай. Маған бұрынғы Балнұр ұнайтын. Бүгінгі Балнұр…
— Үй алдыңдар ма?, — болды оның алғашқы сұрағы.
— Жоқ, — деп жауап бердім.
Не дейін? Жеті жылдан бері бөтеннің босағасын сағалап жүргенімді жырлауды жөн көрмедім. Жабырқаулы жанымды жүдете түсейін дегендей:
— Басымызда төрт үйіміз бар. Біреуі күйеуімнің, екіншісі өзімнің, қалғаны қызым мен баламның атында. Төрт бөлмелі үй алсаң балама қызыңды алып беремін, — деп әзілдегенсіп аха-халай күлді. Бриллиант тас орнатылған тістері жарқ ете қалды. Күлмедім, күле алмадым.
— Күйеуіммен ақылдасып, тағы да үй алуға қамданып жатырмыз. Мың долларын беріп қойдым. Сәтін салса, сәуір айында алып қалармыз, — деді ол.
— Ол үйлер тұрмысы төмен отбасыларға арналып салынған емес пе? Біреудің несібесіне қол салғандай болып…- сөзімнің аяғын жұтып қойдым.
Көзі шарасынан шыға жаздаған Балнұр маған Африканың аңын көргендей алая қарады.
— Қолыңнан келсе қонышынан бас. Бүгінгі заманның заңы сол. Анадан ұят, мынадан ұят қой деп жүре берсең, қолыңдағыдан қағыласың, — деп пәлсапа соғып кетті.
— Бір үйімді шетелдік студенттерге жалға беріп қойғам. Айдың аяғында пәлен долларды шытырлатып тұрып санап аламын. Қолдағы бар ақшаны салып, хан сарайындай үш қабатты үй салмақпын. Қатардан қаламыз ба? Қолдан келгені осы! Айтпақшы жақында балама дүркіретіп тұрып сүндет той жасадым. Сен ше?
— Жоқ.
«Бір баспанаға қолым жетпей жүргенде қайдағы той?» Дауысымды шығарып айта алмадым. Намыстандым. Оның әңгімесі бардан құралса, менің жауабым жоқтан әріге аспай жатты.
— Айтпақшы саған балам мен қызымның суретін көрсетейінші.
Барлық мен байлыққа тұнған үйінде баласы мен қызын қымбат жиһаздардың қасына қасқайтып қойып түсіре беріпті. Суретті көрсетудегі мақсаты баласы мен қызын мақтаныш ету емес, маған дүниесін көрсетіп мақтану екен.
— Мына жиһазды көрдің бе? Италиядан арнайы алдырдым.
Мен өңім түгілі түсімде көрмеген пәлен дөңгелегі бар долларды атады. Ішегімді тарттым. Ол ақшаға бір бөлмелі (!) пәтер алуға болады. Сыртқа сыр алдырмауға тырысып бағып отырмын.
— Мына пердені арнайы тапсырыспен тіктірдім. Алтын жалатылған матадан. Көздің жауын алады.
Бұған да пәлен дөңгелегі бар доллар жұмсапты.
— Бриллиант сырғаны күйеуім сыйлады, — деп мен көрмей отырғандай құлағын көз алдыма тосты. «Тірі» бриллиантты көріп отырғаным осы.
— Баламды лицейде, қызымды гимназияда оқытып жатырмын. Айына пәлен доллар төлеймін. Сен ше?
— Кәдімгі мектепте.
— Х-м, сол мектепте жарытып білім бере ме? Қызық екенсің…
Жарытымсыз жалақымен баламды ақылы мектепте қалай оқытам? Тағы да тілімді тістеуге тура келді. Менің түкке қолым жетпегеніне көзі жетті ме, әлде мақтанудан шаршады ма «Қой қайтайық» деді. Көшеде көріп қалса үйіне шақырып шәй бермей жібермейтін бұрынғы Балнұр жоқ. Тісінің суын сорып жүргендей бүгінгі халі осы. Өзгергені ғой. Жаным жүдеп қалды. Адал, ақжүрек жандар да өзгереді екен-ау…
Мерейлі Ақтан