Қоғамның әбден жегі құртына айналған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өз торсығы мелдектеп тұрса да біреудің шалабын көріп шөліркейтін қанағатсыз ындындардың яғни, жемқорлардың кесірінен қоғам жапа шегуде. Аталмыш қылмыс түрімен күресудей-ақ күресіп келеміз, алайда алты басты аждаһадай әл берер түрі жоқ. Күрестің басты қаруы ретінде елімізде қылмыстық заңнамаларды қатаңдатумен қатар түрлі мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылуда. Осыған орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттәк қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Заң қақпанға түскен құлқыны құдық жемқорлардың ешқайсысының да маңдайынан сипамайды. Дегенмен де құтылам деп тұтылатынын білсе де айылын жияр бірі жоқ…
Елбасы Н.Назарбаев жалпыға бірдей табыс декларациясын тапсыру мәселесін көтерген болатын. Өйткені бүгінде қымбат бағалы шетелдік көліктің бірнешеуін тақымына басқан, хан сарайындай, сән-салтанаты келіскен, биік қорғанды үйі бар бай-манаптар көп. Әрі олардың басым бөлігін мемлекеттік қызметкерлер құрайтындығы да жасырын емес. Елбасы осы санаттағы қызметкерлерге бақылау күшейетіндігін қатаң ескерткен-ді. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің табысы БАҚ-да жарияланып жатыр. Демек, Елбасы көтерген жемқорлықпен күрес кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр деуге толық негіз бар… ҚР Жоғарғы сотының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы соттарда жемқорлыққа қатысты 807 іс қаралған екен. Ал 2014 жылы 886 жемқорлық іс қаралғанын ескерсек, жемқорлық бойынша істердің жылдан жылға азайып келе жатқанын байқаймыз. Жуырда ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірлік басқармасы арнайы конференция ұйымдастырған болатын. Сала мамандары оралымды ойларын ортаға салған жиында біраз жәйт мағлұм болды. Биылғы жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 60 арыз келіп түскен. Есептің жоқтығы дейміз бе, көмейдің кеңдігі дейміз бе, парақорлардың араны сұмдық екені сақырлаған сандардан анық көрініп тұр… Облыс бойынша сыбайлас жемқорлық өте көп тіркелетін салалар денсаулық сақтау, білім беру және жер қатынастары бөлімдері екен. Оның ар жағында жол полициясын да жұрт көп мақтамайды. Параны сыйлықпен «шатастырып» алатындардың қарасы көп. Тіпті оны қалыпты жайға балайтындар да баршылық… Дегенмен «жұмыс атқарылмай жатыр» деп Асан қайғының зарын қағуға да болмас. Жемсауын толтыруды ойлағандардың біразы торға түсіп те жатыр. Оның үстіне осы індеттің алдын алу үшін де біршама жұмыстар қолға алынды. Нәтижесі де жаман емес. Сыбайлас жемқорлық туралы қандай да бір мәлімет берген азаматтарға сыйақы тағайындалған. Биыл бұл мақсатқа 43 миллион теңге бөлініпті. Былтыр жемқорлықтың алдын-алуға көмектескен 345 азаматқа қомақты сыйақы берілген.
Гүлжан Мұсабекова, мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңірлік департаментінің басшысы:
— Оңтүстік Қазақстан облысында өкінішке орай, сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтар өте көп тіркелетін салалар деп денсаулық сақтау, білім беру және жер қатынастары салаларын айтуға болады. Әрине, бұл аталған сала қызметкерлерінің бәрі бірдей парақор деген сөз емес. Арасында бір қарын майдың обалына қалатындар жоқ емес. Былтырғы жылы «Кемел» қоғамдық ұйымы зерттеу жүргізіп, осындай нәтиже шығарды. Ал биыл бұл салаларда жемқорлықтың алдын алу үшін түрлі жұмыстар атқарылуда.
Жұмыс атқарылмай жатқан жоқ. Қоғамға қауіпті індеттің алдын алу үшін түрлі семинарлар, талқылаулар ұйымдастырылуда. Алайда құлқынның құлы болғандар азаймай отыр. «Бара бергенше, пара бергенді» құп көретіндер көп. Алайда тиісті органдар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында «пара сүйгіштердің» кеңістігі тарылып келеді. Қандай да бір сыбайлас жемқорлық әрекетіне куә болған азамат ұлттық бюроның сенім телефонына қоңырау шала алады. Кез-келген хабарлама ескерусіз қалмайды. Егер расталса, мемлекет тарапынан сыйақы беріледі әрі аты-жөні құпия сақталатындығына кепілдік бар. Әрбір келіп түскен ақпар жіті тексеріледі. Егер дәлелденіп жатса 15 тәулік ішінде сыйақы беріледі. Сыйақыдан бас тартса ол азамат алғыс хатпен марапатталады…
Күншуақта ғана жүруді қолай көрмей, қоғам мен өз ұлтының көмекейіне көлденең кептелген сүйекті алып тастау үшін жанталаса қалам тербеуді тілші қауымы өзіне парыз санайды. Қоғамды іштен ірітіп, жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күрессек қана жеңе аламыз…
Гүлжан КӨШЕРОВА