Мамандық – адам баласының арнаулы белгілі бір салада қызмет етуі үшін керек дағдылардың бірі. Ол адамның жақсы көріп жасайтын кәсібі болуы керек. Неге? Себебі, сол кәсіп арқылы сен өз өмірінің көп бөлігін өткізесің. Қазіргі уақытта замана ағымына қарай, адамдар дипломды басқа мамандық бойынша алып, өзі басқа салада қызмет ететіндерді жиі байқаймыз. Бұл менің көзқарасым бойынша дұрыс емес. Себебі, оқу арқылы келетін жалпы мамандық белгілі бір салаға бағытталады. Бұл кез келген адамның функционалды сауаттылығын арттырып қана қоймай, белгілі бір қызметтің маңызды машықтарына ие болады. Бұл өз кезегінде сол салада қызмет ететін маманның классификациясын арттыруға барынша күш салады. Біз мамандық таңдау арқылы өз болашағымызды жасаймыз. Болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болуы біздің таңдауымызға байланысты. Мамандықты дұрыс таңдау өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Менің ойымша әрбір адам өз жүрегі қалайтын, қызығушылығын арттыратын мамандықты таңдау керек. Өзің сүйіп жасамайтын мамандықты таңдау — өмірдің қиыншылығын таңдағанмен тең. Жасөспірім шақтан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жас шағымыздағы ең үлкен міндет — мамандық таңдау. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Әлемде 40 мыңға жуық әртүрлі мамандықтар бар. Алайда соның кейбірі замана көшінен қарай қолданыстан шығып қалады. Бұл дегеніміз – жаңа мамандықтың орынын жаңа бір мамандық алмастырады деген сөз. Бұл өз кезегінде білімді замана ағымына сай өзгерістерге түсіп, дамыту керек екендігінің айғағы болады. Осы орайда менің мамандығыма қатысты айтар болсам «Биология мұғалімі» де «жасаушының» бірі, алдыңғы қатарлысы десе де болады, себебі осы ғылымның, пәннің ерекшелігі солай. Жалпы адамның «мазмұнының» негізін құрайтын дүниетаным, адамгершілік және имандылық тәрбиеде биологияның орны ерекше. Өмірді, тіршілікті оқыту оңай ма? Кез келген кітапта, көрнекі құралда, тірі ағзалар жөніндегі киноларда өмірді көрсете ала ма? Жоқ! Өмір дегенді, оған жақындамай, ұстамай қалай түсінуге болады? Кез келген тірі нысанды оқуда оның өмір деп аталатын үлкен айдында басқалар сияқты бір нүкте екенін өзіміз ұға, түйсіне аламыз ба? Бөлшектерін оқып, тұтастығын түсінігіміз келеді. Тіршілікті, өмірді біртұтастықта қабылдауға тәрбиелеу – биолог-ұстаздың ең басты парызы. Мен бұл ұсынысты қуана әрі жауапкершілігі мол сала ретінде қабыладым. Менің ойымша, оқыту бұл ұлағатты да ұлы іс. Ұстаздық, бала тәрбиелеу – зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды ұрпақ бойына дарыту. Алға талпынған оқушының алдында ұстаздың жауапкершілігі зор. Сондықтан, оқытушылық жолды таңдауда, алдымен, мың ойланып, жүз толғану керек. Өйткені, ол – жауапты мамандық. Адамның адам болып қалыптасуында үлкен рөл атқарады. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» — деп бекер айтылмаған. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ, Ұстаз берген тәрбие әр жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ Биология және биотехнология факультеті «Биофизика, биомедицина және Нейроғылымдар» кафедрасының оқытушысы Д.Б.Мирзалиева