Әлеуметтік желі қолданушысы Біржан Саржанов Түркістан облысының Полиция департаментіне көптің көкейінде жүрген сауалды жолдады. «ҚР Территориясына кірген Ресей көліктерінің тіркеуде барына да, жоғына да сақтандыру полисін беріп, тех.байқаудан өткізіп отырған компаниялардың жұмысы заңды ма? Олар тіркеуде жоқ көліктерге қалай құжат бере алады? Екінші сұрақ: Тіркеуде жоқ шетелдік көліктердің жағдайы қалай болып жатыр? Оларға қатысты заң жобасы шықты ма? Елімізде жүрген тіркеуде жоқ 82 мыңға жуық көлікті неге оңтайлы жолмен тіркеп, салығын төлетіп жүргізбеске? Нақты жауап берсеңіздер». Осыған орай Түркістан облыстық Полиция департаменті жауап берді: «ҚР-ның «Сақтандыру қызметі туралы» Заңының 6-бабының талаптарына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы өзінің кез келген мүлкін ерікті түрде сақтандыруға құқығы бар. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы сақтандыру полисі арқылы өзінің басқаруындағы шетелдік автокөліктерді техникалық байқаудан өткізбей-ақ жыл сайын қайта сақтандыруға құқығы бар. Ал «Жол жүрісі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, шетелдік көлік құралдары еліміздің аумағына өткен күннен бастап 10 тәуліктің ішінде тіркелуге міндетті. Сондықтан тіркелмеген көлік құралдарын құжатсыз басқаруға болмайтындығы, оған тыйым салынғаны туралы ҚР ӘҚБтК-нің 590 және 612-баптарында атап көрсетілген. Осыған байланысты қазіргі таңда тіркелмеген көлік құралының жүргізушілеріне ескерту жұмыстары жүргізілуде. Осы аталған ескертулерден кейін нәтиже шығармай құжатсыз басқарған жүргізушілердің көлік құралдары арнайы айыптұраққа орналастырылуда. Шетелдік көлік құралын Қазақстан есебіне тіркеу тәртібі, Салық кодексінің талаптары негізінде көлік құралы бірінші кезекте «евро-4» стандарты бойынша төмендегі талапқа сәйкес келуі қажет: 1. Ресейлік автокөліктің шығарылған жылы 2010 жылдан төмен болмауы керек; 2. Басқару рульінде «Эйрбаг» құрылғысы болу қажет; 3. Тежегіші «abc» үлгісінде болуы керек; 4. Утилизациялық алым автокөліктің қозғалтқыш көлеміне қарай, (2022 жылдың есебімен) төленеді. Олар: — қозғалтқыш көлемі — 1-ден 2-ге дейінгі автокөліктерге — 1 млн. 72 мың 50 теңге; — қозғалтқыш көлемі 2-ден 3-ке дейінгі автокөліктерге — 1 млн. 531 мың 500 теңге, -қозғалтқыш көлемі 3-тен жоғары автокөліктерге — 3 млн 522 мың 450 теңге көлемінде мемлекетке қаржы төленеді. Одан бөлек, көлікті мемлекеттік тіркеуге алғаш рет қойғаны үшін арнайы төлем қарастырылған. Ол да АЕК-пен есептеледі және көліктің шығарылған жылы ескеріледі. — шығарылған жылы екі жылға дейінгі автокөліктерге — 0,25 айлық есептік көрсеткіш (765 теңге 65 тиын), — шығарылған жылы 2-ден 3 жылға дейінгі автокөліктерге — 50 айлық есептік көрсеткіш (153 мың 150 теңге), — шығарылған жылы 3 жылдан жоғары автокөліктерге — 500 айлық есептік көрсеткіш (1 млн. 531 мың 500 теңге). Жоғарғыда аталған құжаттарды жинақтаған жағдайда ғана шетелдік тіркеудегі көлік құралдарын Қазақстан есебіне рәсімдеуге болады».