Биылғы жаңа оқу жылы көптеген жаңалықтарымен есте қалмақ. Ең алдымен биыл оқушылар 5 күндік оқу аптасына көшеді. Дамыған елдердің тәжірибесімпен ұштастырылған бұл жаңалықты көптеген ата-аналар құптаған болатын. Өйткені оқу жүктемесінен шаршайтын оқушылар үшін бұл тиімді болып отыр. Мұғалімдерге де тигізер пайдасы мол. Жаңа оқу жылын тың жаңалықтармен қарсы алғалы отырған қаланың бас мұғалімі биылғы оқу жылының басында яғни, 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын 73 699 бала аттайтынын хабарлады. «2016 жылғы қыркүйек айынан бастап, республикадағы жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныптары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 5 күндік оқу аптасына көшу 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2017 жылы 2, 5,7,9 –сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 2018 жылдан бастап барлық басқа сынып оқушылары жаңа оқу барысына көшеді. Дамыған елдерде мектептерде бес күндік оқу аптасы енгізілген. Бұл баланың қалпына келіп, ал ұстаздың жақсы демалып, сабаққа сапалы дайындалуына мүмкіндік береді» — дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ә.Кенжебаев. балаларға білім беретін мұғалімдердің біліктілігін жетілдіріп отыру да басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар, ол жаңа оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына көшу үрдісіне байланысты облыста 10 мыңға жуық мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өткенін хабарлады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында өңірімізде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 мектеп ашылатынын жеткізді. Баспасөз жиынында сөз алған Шымкент қаласы білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева, әсіресе, оқулық мәселесінде тапшылық болмайтынын баяндады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:
— 2016 жылы Шымкенттегі үш мектеп пен үш балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 2 жаңа мектептің (Қаратөбе шағынауданындағы – 600 орындық, Ынтымақ шағынауданындағы – 900 орындық) және Оспанов көшесі, №61 ғимараттың балабақша ретінде қайта құру жұмыстарын аяқтап, осы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2016 жылы № 91, 111 мектептердің 300 және №53 мектептің 600 орындық құрылыстары аяқталып, 1 қыркүйекке оқушыларды қабылдауға дайын болмақ. №34 мектептің 150 орындық қосымша құрылысын пайдалануға тапсыру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Жиында мектептердің 100 пайыз телефонмен қамтылып, 100 пайыз интернет желісіне қосылғаны да айтылды. Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 1 022 мектеп бар. Олардың басым бөлігі жөндеуден өткізіліп, жаңа оқу жылына дайын. Биыл шаһардағы 127 мектептің үшеуі күрделі жөнделіп, тамыздың аяғына дейін қолданысқа тапсырылады деп күтілуде. Биыл бірінші сыныпқа 21 500 бала барады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1 500 оқушыға артық. Бір қуанарлығы жыл жылжыған сайын мектеп табалдырығын жаңадан аттайтын бүлдіршіндердің саны артып келеді. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алады. Бірыңғай мектеп формасы ешкімге міндеттелмейді. Тек оқушы бірыңғай көк немесе қара шалбар киім, үстіне ақ түсті жейде кисе болғаны. Ата-аналар оны қайдан сатып алса да өз еріктерінде. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы мектеп оқушыларына ұялы телефон ұстауға тыйым салынбақ. Бұл қала әкімінің шешімі дейді сала басшысы. Көптен бері дау дамайға тұздық болып келе жатқан ұялы телефон мәселесіне осылайша нүкте қойылды. Ал ұстаздардың смартфон ұстауы кәсіподақ комитетері арқылы шешіледі. Оқулық мәселесінен де биыл тапшылық болмайды. Ең алдымен әлеуметік тұрмысы төмен отбасының балалары толығымен қамтамасыз етіледі. Мұндай оқушылардың саны 29 мыңнан асады. Ал бірінші сынып оқушылары 100 пайыз оқулықпен қамтылады.
Дәулет Бейімбет