Бүгінде имандылық жаппай атқа қона қойған жоқ. Дегенмен, көңілге қуаныш сезімін себезгілейтіні – жастарымыздың имандылыққа бет бұра бастауы. Мешітке барып, намазға жығылып, уағыз айтуға жарап қалғандарын көргенде болашаққа деген сенім нығая түседі. Әлбетте, қай елде болмасын, мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс-ақ. Алайда жастардың саналы азамат болып қалыптасып, ел болашағының тұтқасын ұстау үшін оған тек құрғақ білім керек десек қатты қателескеніміз. Адам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде космополиттік идея кеуделерін улап, туған ұлтына жандары ашымайтын «мәңгүрт» кейпіндегі жастардың көбейіп келе жатуы алаңдатарлық жайт. Дегенмен, тәуелсіздіктің таңы атқан кезден бергі уақыт ішінде өмірге келген ұрпақ бойында өзгеше дарын, ерекше қуат сезіледі. Тек өскелең ұрпақты жаһанданудың жойқын соққысына, тілсіздік, рухсыздық дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Бабаларымыздың балаларына аманаттап, жүрекке дарытып кеткен асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптегені белгілі. Әсіресе, имандылықты дәріптеуге көп күш салған. Мал-мүлкіне жүрегін байламай, одан да жоғары нәрсе бар деп білген аталарымыздың иманды ұрпақ тәрбиелеуге баса назар аударған. Бір ғана имандылықтың бойына ар, ұят, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел тұнып тұр. Байлықтан да, барлықтан да иманын жоғары бағалаған бабаларымыз «Ер жігіттің үш байлығы бар: біріншісі – иманы, екінші – ырысының тұнығы, үшінші –дәулетінің тұрағы» деп баталы сөз қалдырған. Имандылықтың негізгі тірегі – дін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.у.а) жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, ұрпағының бойына сіңіре білген. Имандылықты ту етіп, ұрпағын аздырып, тоздырмас үшін барын салған. Көне дәуірлерден бері қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрі дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, имандылыққа жол бастайтын өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, рухани қағидалар жүйесі. Имани жолға бет бұрған адам жақсыны жанына серік етіп, жаманнан алшақ жүрері анық. Сондықтан, дін мәселесі – руханият мәселесі. Рухани бай адам иманнан алыс кетпесі аян. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат қанша білімді болғанымен иманы әлсіз болса онда ол жарты адам. Қорғансыз адам. Жастарды рухани азықпен сусындату бүгінгі күннің басты мәселесі. Діни сауатты адам ешуақытта да өзге бұралаң жолға түспейді. Сондықтан да бүгінде барлық мектептерде, жоғары оқу орындарында жастардың діни сауатын ашу үшін түрлі іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылуда. Қоғамды жақсылыққа бастайтын құндылықтың бірі – имандылық. Имандылық бар жерде, бірлік бар, бірлік бар жерде тірлік бар. Адамгершілік қағидаттарын басты ұстын еткен әрине – асыл дініміз Ислам екені белгілі. Оның тереңіне бойлап, бар асылы мен жақұтын бойына сіңіре білген адам жамандыққа жоламайтыны айқын. Өйткені, дінді жанына серік еткен адамның өресі биік, парасат пайымы жоғары болары сөзсіз… Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстындағы колледждерде имандылық тақырыптарында көптеген кездесулер ұйымдастырылуда. Өскелең ұрпақтың иманды, ибалы, тәрбиелі болуы мемлекеттің беріктігін нығайтпақ, болашағына даңғыл жол ашпақ. Сондықтан, бүгінгі-ертеңгі ұлт келбетінің қандай болмағы жастардың имани тәрбиемен сусындауына байланысты. Бүгінгі жас – елдің ертеңі жастарға діни қағидаттарды санасына сіңіруіміз өте маңызды. Халқымыздың сан жағынан көбейіп, сапа жағынан биіктеуі осы түпқазық имандылыққа –тікелей тәуелді болмақ.
Динар Бекасыл