Діни тұрақтылықты сақтау үшін әрине діни сауатты болу қажет. Ой санасы былқылдақ жасөскіндердің теріс ағымдарға еріп кетпеуі үшін, барынша діни сауатын арттыру үшін, көкірек көзін ашу үшін түрлі семинар-тренингтер көптеп өткізілуде. «Діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз». Осындай ұранмен шардаралық жастар жуырда ауқымды акция өткізді. Негізгі мақсат — жастарды теріс ағымдардан сақтандыру, діни – рухани құндылықтарды дәріптеу. Расында бүгінгі бала қалай баптасаң солай бой түзейтін шыбық секілді. Құнары мол, сулы да нулы жерде өсіп өнген шыбық қисаймай, бойын тіктей көктейтіні анық. Құнар дегеніміз не, ол бала жасынан рухани байлығын арттырып, діни сауатын ашып, жан-жақты білімді болып өсуі үшін барынша құлағына құйып өсіру. Құймақұлақ жастардың ешуақытта да білімі таяз, ойы жұтаң жандардың жетегіне еріп кетуі мүмкін емес. Жастардың діни сауаттылықты арттыру үшін жасап отырған бұл бастамасы көңілге қуаныш ұялатады. Жас та болса бас бола алатын белсенді жастар халыққа салауатты өмір салтын сақтауды, кез-келген үгітшінің айтқанына еріп кетпей, өзіндік көзқарасын білдіріп, табандылық танытуға үндеді. Бүгінгі таңда елімізде өзге діннің жетегінде кетіп, адасып жүргендер жандар жоқ емес, бар. Ағайын, туыс, бауырларынан безіп, өз айтқандарын ғана жөн деп өзгенікін құлаққа ілмей жүргендерге расында жаның ашиды. Айналасының бәрін бекерге шығарып, көз алды көк тұманға оранған ондай жандарға көмек қолын созу керек-ақ. Адасқан жандарды сауықтырып, дұрыс жолға бағыттайтын психолог мамандар бүгінде барынша белсенді жұмыс атқаруда. Мәселенің себебімен емес, салдарымен күрескен қиын, әрине. Сол үшін қандастарымыздың жарық күнде жол таба алмай адасқанынан көрі алдын алғанымыз әлдеқайда тиімдірек. Жалпақ жұртты уағызына ұйытып, асыл дінімізді насихаттап жүрген дін өкілдері барынша қырағы болып, көмек сұрай келген азаматтарға қолдан келгенінше жол көрсеткені ләзім. Сол үшін де бүгінде жер-жерде діни сауаттылықты арттыру үшін түрлі жиындар ұйымдастырылуда. Жарық күнде адасып, жабығып жүрген жандардың ар азабына маталып, ары алдында араша таба алмай сансырағанын суреттейтін түрлі бейнероликтердің өзі санасы солқылдақ жастарды солақай жолдан арашалап қалары анық. Естігенін де, көргенін де көңіл зердесіне тоқи қоятын жастарға бұл көп көмегін тигізері сөзсіз. Биыл елімізде дін діңгегімізді кемірген бірлестіктердің саны 32 пайызға кеміді. Бұл да болса атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі. Білім ошақтары мен жоғары оқу орындарында, арнайы мекемелерде діни сауат ашу жиындарын жиі өткізу қауіптің алдын-алуда маңызы зор. Аңғал жастарды арбауына түсіруге ұмтылатын қара ниетті кереғар дін насихаттаушылардан сақ болу тек жастарға ғана емес өзге де қоғам мүшелеріне керек. Жат діннің жетегінде жүргендерді оңалту да оңай емес. Бұл мәселемен мемлекет арнайы күрес те ұйымдастырып жатыр. Дей тұрғанмен әлі де болса шырғалаң діннің шырмауынан шыға алмай адасып жүрген қандастарымыздың қатары азаймай отыр. Оларды жөнге салу мемлекеттің ісі дейік. Ал, жастардың да солардың соңынан еріп кетпеулері үшін қоғам болып күресуіміз қажет. Желкілдеп, желөкпеленіп тұрған жастарды торларына түсіру мысықтілеулілер үшін оңай олжа. Сондықтан, мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында түрлі семинарлар мен ақпараттық насихат жұмыстарын жиі ұйымдастырып отыру керек. Бүгінде оқу орындарында бұл мәселеге ерекше назар аударуды қажет етеді. Шардаралық жастардың ізгі ниеті Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы білім ордаларында да жалғасын табуда. Тек діни сауаты бар адамдар ғана емес, жалпы ұрпақтың болашағына алаңдайтын кез-келген азамат бүгінде «Қазақстан» телеарнасынан көрермен назарына ұсынылып жүрген «Арылу» атты деректі фильмді көруге жастарды үгіттеп жүрсе деген тілек бар. Өйткені дін мамандарын қатыстыра отырып түсірліген аталмыш фильмнен жастардың алары көп.
Дәулет Бейімбет