(жалғасы)
— Бір күні мен: «Уа, Алла елшісі! Расында біз надандықта болдық. Алла бізге Исламды берді. Осы жақсылықтан кейін бір жамандық бар ма?» — деп сұрадым.
— Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә», — деді.
— Мен: «Сол жамандықтан кейін бір жақсылық бола ма?» — дедім.
— Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, бірақ бір бұлыңғырлық бар», — деді.
— Мен: «Ол бұлыңғырлық не?» — деп сұрадым.
— Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамдар тура жолда әрең жүреді», — деді.
— Мен: «Осы жақсылықтан кейін тағы бір жамандық бола ма?» — дедім.
— Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, тозақ есіктеріне шақырушылар болады. Кім оларға ілессе, тозаққа құлайды», -деді.
— Мен: «Уа, Алла елшісі! Оларды бізге суреттеп беріңіз», — дедім.
— Пайғамбар (с.ғ.с.): «Олар біздің нәсілден болады, біздің тілімізде сөйлейді», — деді.
— Мен: «Егер сол уақытта өмір сүрсем, не істеуім керек?» — дедім.
— Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мұсылмандар жамағатымен және басшысымен бірге бол», — деді.
— Мен: «Мұсылмандардың жамағаты және басшысы болмаса ше?» -дедім.
— Пайғамбар: «Ол топтардың барлығынан оқшау жүр, жолама. Тіпті, ажалың келгенше ағаштың тамырын тісіңмен тістеп жатып алсаң да, сол күйде бол», — деп ескертті. (Бұхари, Муслим, Термизи).
Дін – нәзік мәселе, сондықтан ол туралы кесіп пікір айтуға болмайды. Осы хадисте айтылғанды дәл қазір бастан өткеріп отырғандаймыз. Сондықтан, елдігіміз сынға түскен қазіргі шақта алауыздыққа тосқауыл қойып, бір-бірімізге жақындай түскеніміз абзал. Елінің қамын жеген Елбасымызбен, халқымызбен бірге болып, өлара кезеңде береке-бірлігімізге сызат түсіріп алмайық
Атадан аманат, ұрпаққа ұлағат
Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел идеясын жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін ежелгі Ұлы даланың мұрагері, көне ұлттық дәстүрлердің жалғастырушысы ретінде әлемге танытуда.
Мәңгілік ел идеясы – біздің мүдделерімізге, қоғамымыздағы тыныштыққа, ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол болмақ. Сол арқылы біз бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaй отырып, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.
Конфессияаралық татулықты әрдайым назардан тыс қалдырмайтын Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «…Біз, сондай-ақ, діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз.
Ислам діні әу баста жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз…», – деп ескерткен болатын.
Қиын-қыстау күндерде де мұсылманшылықты ұстанған қазақтың иманы кәміл болып, тура жолдан жаңылмағандықтан, татулықты ту етіп, мамыражай өмір сүруді армандаған. Ашаршылықтың ащы дәмін татқан бабаларымыз тәуелсіз ел болу үшін басын бәйгеге тіккен. Ендеше, бабалар аманатына адал болып, Тәуелсіздіктің тұғырын төмендетпей, ел ынтымағының одан әрі нығаюына өз үлесімізді қоса жүрейік, ағайын!
Тұрар ӘБУОВ,
Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының бөлім басшысы,
бас ғылыми қызметкер