Бүгінде жалпақ жұртты дүрліктіріп, қоғамға үрей мен қорқыныш сезімін ұялатып отырған экстремизм мен терроризм қауіп төндіріп тұр. Діннің атын жамылып теріс әрекетке барып жүргендермен күрес толассыз жүргізілуі керек. Мұны ауыздықтау бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Сол себептен де бүгінгі күні Облыстық дiн iстерi басқармасына қарасты «Әлеуметтiк бастамалар орталығы» облыс орталығында, түрлі мекемелерде аталған мәселеге қатысты түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш мекеме 2011 жылы өңiрдегi дiни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Сол уақыттан бері қыруар жұмыс атқарды. Осы уақыт аралығында қоғамның барлық әлеуметтiк топтарымен бiрлесiп профилактикалық түсiндiрме жұмыстарын белсендi жүргiзiп келедi. Бұдан бөлек, теріс жолға түскен жандарды қайта қатарға қосу үшін психологиялық, теологиялық және құқықтық көмек көрсетедi. Атқарылған жұмыс нәтижесіз де емес. Тұмшаланған теріс ағымның жетегінде кеткендердің біразы бүгінде аталмыш орталықтың атқарған жұмысының арқасында қатарға қайта қосылды. Жуырда орталық директоры Нұржан Тұрсынбайдың төрағалығымен кеңейтiлген мәжiлiс өткізілді. Басқосу барысында жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарға талдау жасалынды. Облыс аумағындағы әрбiр аудан, қала, ауылдарда тұрғындармен дiни тақырыпқа арналған кездесу өткiзу тұрақты түрде түрде жолға қойылған. Үш айда 168 кездесу ұйымдастырылып, түсiндiрме жұмыстарына 21745 тұрғын қатысқан. Ал, терiс дiни ағымның жетегiнде жүргендермен 282 жеке кездесу өтiп, нәтижесiнде 36 азамат дәстүрлi дiнге бет бұрған. Қараңғы түндей жарығы жоқ жолға түскен жандарды райынан қайтарып, қалыпына түсіру оңай емес. Ол үшін орталық мамандары қаншама күш сарп етіп, жұмыс істейді. Бұдан өзге де дiни экстремизм идеологиясын насихаттайтын фактiлердi анықтауда орталық қызметкерлерi асқан сақтық танытып келедi. Қоғамдық ахуалға кереғар істерге қырағылық танытпаса тағы болмайды. Мекеменiң талдау және мониторинг бөлiмi үш айда терроризмге үгiттейтiн 700-ден аса бейнематериалдың жолын кескен. Ондай үгіт насихат жұмыстарын талдап, сарапқа салу да оңай емес. Қарулы жиһадқа шақыратын мұндай материалдар көбiнесе ғаламтор беттерінде жарияланып жатады. Сондықтан дiни тақырыптағы әрбiр материал мамандардың сұрыптауынан өтедi. Жіті қадағаланады. Бұдан басқа бөлімдердің де атқарып отырған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Өзге діннің шылауында кеткен қандастарымыздың бетін қайтару үшін де түрлі танымдық кітаптар жарық көруде. Оны әдiстемелiк қамтамасыз ету бөлiмi дайындап шығарады. Оның нәтижесі де жоғары. Адасып жүрген жандардың қалыпты өмірге қайта келуіне осы нұсқаулықтар мен танымдық кiтаптардың тигізер пайдасы көп. Сондай-ақ, мәжiлiсте кереғар ағымдарға қарсы БАҚ беттерiнде, әлеуметтiк желiлерде ақпаратты қалай беру керектігі де талқыланды. Бұдан бөлек «Әлеуметтiк бастамалар орталығы» колледждерде, базарларда, түрлі мекемелерде де түрлі тақырыпта семинарлар ұйымдастыруда. Сондай басқосулардың бірі жуырда ОҚО Қаржы басқармасында «Деструктивті діни ағымдардан сақтану» тақырыбында болды. Семинарға басқарма басшысының орынбасары Ә.Болатханұлы, ОҚО дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің «Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлім басшысы Ф.Тайтелиев қатысты. Басқарманың барлық бөлім мамандары қатысқан жиында ең алдымен кереғар ағымдардан сақтану жолдарына тереңірек тоқталды. Сондай-ақ, экстремизм және терроризмнің туындау себептері, алдын – алу жолдары, оның астарындағы саяси мәселелер де талқылауға өзек болды. Рухани құндылықтарды жаңғырту, діни сауаттылықты арттыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша кеңінен мәлімет беріп өтті. Кездесу соңында қызметкерлер өздеріне түсініксіз жағдайларды сұрақ ретінде қойып, толық жауаптарға қанықты.