Биыл «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан облысында көптеген жаңа нысандар ел игілігіне берілуде. Жуырда Сарыағаш ауданында 3 бірдей мәдениет үйінің лентасы қиылды. Қос бірдей мерекеге яғни, Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылған мерекелік шараға қатысушылардың қарасы қалың болды. Ауданға қарасты Жібек жолы, Бірлік және Құркелес ауылдық округтерінде ашылған мәдениет үйлері аудан тұрғындарының пайдалануына берілді. Мәдениет нысандарының салтанатты ашылуына Сарыағаш ауданының әкімі Қ.Әбдуалиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Р.Тұрғымбеков, облыстық мәслихат депутаты А. Сәлімов және Сарыағаш аудандық мәслихат хатшысы Ж.Сүлейменов қатысты. Аудан әкімінің арнайы құттықтауынан кейін жап-жаңа нысандардың лентасы қиылды. Жібек жолы ауыл округіндегі Жаңатұрмыс ауылындағы 75 орындық Мәдениет үйі 64 миллион 963 мың теңгеге бой көтерген. Құрылыстың мердігері – «Андас Групп» серіктестігі. Ал Құркелес ауыл округіндегі Ақниет ауылында 103 миллион 104 мың теңгеге бой көтерген 150-орындық Мәдениет үйі де алыстан менмұндалап тұр. Құрылыстың мердігері – «Экспресс» серіктестігі. Сондай-ақ, Бірлік ауыл округіндегі Бірлік ауылында 62 миллион 398 мың теңгеге бой көтерген 75-орындық Мәдениет үйінің құрылысын жүргізген «Компания Нұрлы құрылыс» серіктестігі. Бұған дейін де Сарыағаш ауданындағы Ақтөбе және Тегісшіл ауылдық округтерінде екі мәдениет үйі ел игілігіне берілген болатын. Биылғы жыл мәдениет нысандарының қатары көбеюімен сарыағаштықтарды қуантып отыр. Пайдалануға берілген мәдениет нысандарының екеуі де толықтай құрал-жабдықтармен, компьютерлермен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйлерінің жанында кітапхана, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет пен телефон байланыстары бар. Ауданның Ақтөбе ауылдық округіндегі Қызыләскер елді мекенінде орналасқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттен 91 миллион теңге қаржы жұмсалған. Ал Тегісшіл ауылдық округіндегі Таскескен елді мекенінде орналасқан 75 орындық мәдениет үйіне облыс қазынасынан 61 миллион теңге қаралған. Жалпы аудан бойынша осы жылы мәдениет нысандары жоқ ауылдық округтер мен елді мекендерге мәдениет нысандары, яғни, ауылдық клуб пен кітапханалардың құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл 4 саябақ пен 1 мәдениет үйінің жобалық сметалық құжаттары дайындалып, облыстық салалық басқармаға тапсырылды. Елбасы Н.Назарбаев 2000-жылды «Мәдениеттi қолдау жылы» деп жариялағаны белгiлi. Сол жылдардан берi Оңтүстiк Қазақстан облысында 56 мәдениет үйi мен клуб ашылған. 90-жылдардың басында қаржы тапшылығы мен жекешелендiруге байланысты облыстағы 752 клубтың 554-i жабылып, 198-i ғана қалған екен. Осы жылдар iшiнде жаңадан 13 мәдениет үйi мен клуб салынып, клубтардың 70 пайызы күрделi және ағымдағы жөндеуден өткізілген. Кезінде мәдениет үйлерінде жұмыс қыз-қыз қайнап жататын. Түрлі кештер, концерттер, басқосулар ұйымдастырылып, ауыл кешінің көңілді өтуіне атсалысатын. Бертін келе 90-шы жылдардағы яғни тоқырау жылдарында осы мәдениеттің ошағы болған нысандардың есігіне қарақұлып салынған болатын. Кейде клубтың да қызметін атқаратын осы мәдениет үйлері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені белгілі. Тіпті кейбірін жекешелендіріп алып тойхана айналдырып жібергендер де болды. Ал шалғай ауылдардағы кейір мәдениет үйлері қараусыз қалғандықтан, күтімсіздіктен құлап, іргетасына дейін жойылып кетті. Енді мәдениет үйлері салынбайтын шығар деп ауылдықтар бұрынғы мәдениет үйлерін сағына еске алысатын. Жоқ, бүгінде бұл саланың тамырына қан жүгіріп, шалғай шеттегі ауылдарға дейін мәдениет үйлері салынып жатыр. Бәрі де елдің игілігі үшін. Жастардың болашағы үшін…
Динар Бекасыл