Бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Адамзаттың асылы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайһи уассалламға және оның қасынан табылған сахабалар мен салихтарға Алланың сәлемі болсын, Әмин! Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі оңтүстікқазақстандықтар! Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиетті меркесі Құрбан айт үстіміздегі жылдың 12 қыркүйегі күніне сәйкеседі. Құрбан — араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні — Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады» деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбандық шалудың үкімі
Жағдайы бар адам құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла тағаланың Құран Кәрімде:«Намаз оқы және құрбан шал» — деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», — деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» — жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу — Ибраһимнің (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді. Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Нисап мөлшері — 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мелшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуірінен бүгінгі біздің дәуірімізге дейін келіп жетті.
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам орынбасары , дінтанушы