Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүминге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «мүминнің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», -деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.
Арапа күнінің қасиеттері
Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.
Неге «арапа» деп аталған?
«Арапа» араб тіліндегі «білу», «түсіну» деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол, ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі. Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін…» , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда. Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға…», – деген. Ендеше, Зүл-хижжа айының алғашқы он күнін де оның ішінде арапа күні (11-қыркүйек, 2016 ж.) сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс. Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.
Құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктері
Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат — Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37). Құрметті мұсылман бауырлар! Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысының жамағаты құрбан айтты өз дәрежесінде тойламақ. Құрбан айтта Ұлы Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам орынбасары , дінтанушы