§ Екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
§ Бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы;
§ Екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы;
§ Тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы;
§ Қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болуы;
§ Желін ұшының түсіп қалуы;
§ Құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
§ Жілігі майсыз, ауру болуы;
§ Тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы;
§ Жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
§ Ауру екендігі анық белгілі болуы.
§ Құрбандық шалуға ниеттенген адамның, сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі жоқ-жітік жанға құрбандық шалу — нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.
Құрбандық шалудың жөн-жобасы
Мұсылман — Алла тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан», деп айтылады (Хаж сүресі 32). Сондықтан да Аллаһ тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.
Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», — деген мына бір хадисінің астары терең.
Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны — мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:
— Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
— Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
— Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу;
— Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс;
— Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қосса айтқаны жөн;
— Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды;
— Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі;
Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп шалуды шариғатымыз құптайды. Соқыр, ауру, ақсақ, өте арық мал құрбандыққа жарамайды. Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы құрбан айт мейрамында сауапты іске мол үлес қосса нұр үстіне нұр.
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам орынбасары , дінтанушы