Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Тәшриқ тәкбірі
Бұл тәкбір құрбан айт күндеріне ғана тән. «Тәшриқ тәкбірінің» айтылу тәртібі төмендегідей: «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, ләә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу акбар уә лиллаһил-хамд» Мағынасы: «Алла тағала аса ұлық (2 рет), Алладан басқа тәңір жоқ! Алла тағала аса ұлық (2 рет)! Күллі мадақ тек Аллаға ғана лайық!». Тәшриқ тәкбірінің уақыты Зүл-хижжаның тоғызыншы күні, яғни айттан бір күн бұрынғы «арапа» күні таң намазынан бастап құрбан айттың төртінші күнінің намаздыгер уақытына дейін парыз намаздарының сәлемінен соң айтылады. Бұл тәкбірлерді айту — намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Мейлі жеке оқысын, мейлі жамағатпен оқысын тәшриқ тәкбірлерін айтуы керек. Егер қандай да бір намаздан кейін тәшриқ тәкбірін айтуды үмытып кетсе, онда сол күндері оқылатын кез-келген намаздың парызынан кейін қаза етіп айтады.
Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз
Құрбан айт намазы 2016 жылғы 12 қыркүйек күні, таңғы сағат 7.40-та облысымызға қарасты барлық мешіттерде оқылады. Бір күн бұрын жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару — мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, кемектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдардың жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады. Құрбан айт татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.
Құрбан айт – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, жағдайын сұрау – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Сүннетті орындаған адамға сауап жазылады. Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды. Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын. Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы қайырымды шараға көптеп атсалысады деген үміт басым. Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айтта Ұлы Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!
Мұхамеджан Естеміров,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имам орынбасары , дінтанушы