Оңтүстікқазақстандық ұстаздар «100 нақты қадамға» негізделген энциклопедия жазып жатыр. Бұл ерінбей еңбектенгенді, тамшылатып тер төккенді қажет ететін жұмыс. Бірақ қиын екен деп бас тартып жатқан оқытушылар жоқ. Аталмыш энциклопедияда 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған Ұлт жоспарының барлық саласы қамтылмақ. Бұл еңбек үш тілде жарық көреді деп жоспарланып отыр. Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы Елбасы ұсынып отырған «Білім мен ғылым және инновация» үштігі қазақ елін әлемдік білім беру үрдісінен бір саты да кем түспейтін деңгейге жеткізуді көздейді. Облыстағы мақтаулы оқу орнының қолға алып отырған шаруасының бұл бір парасы ғана. Бүгінгі таңда институтта 23 мамандық бойынша 3 мыңнан астам шәкірт білім алып жатыр. Оқу орын қабырғасында жүріп, бірқатары білімін шетелде жетілдіріп қайтқан. Мұндай мүмкіндік көптеген жоғары оқу орындарына арман ғана. 2015-2016 оқу жылында Эстония, Болгария, Түркия, Ресей мемлекеттерінің жоғарғы оқу орындарымен ынтымақ орнату үшін келісімшарттар жасалыпты. Бұл екі жақты білім жетілдіру үшін таптырмас төте жол болып табылатыны анық. Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры: «Жол картасы ретінде үш тілде үлкен энциклопедия дайындап жатырмыз. Бұл – бүкіл Қазақстанда жасалып жатқан алғашқы энциклопедия. Өзге өңірлерде әлі қолға алына қойған жоқ. Бұл ұжымдағы оқытушылар қауымының қажырлы еңбегінің арқасы… Жұмыссыздықпен күресудің жолы – жауапкершілікті арттыру. Болашақ мамандарды бірінші курстан-ақ жұмыспен қамтуды қолға алу керек. Сонда қолында дипломы бар жұмыссыздар болмайды» дейді. Биылдан бастап, тың тәсілді қолға алған Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік институтының ректоры Оңалбай Аяшев алдағы уақытта да студенттер үшін басқа бар жағдай жасалып, олардың жұмыссыз қалмауы үшін мүмкіндігінше бар амалды қарастыратынын айтты. Педагогика ғылымдарының докторы сондай-ақ, білім жүйесіне енгізіліп отырған жаңа өзгерістер жайында да ой бөлісті. Оқу ордасы басшысының айтуынша, былтыр осы білім ошағын тәмамдаған түлектердің барлығы жұмыспен қамтылған. 27 бітіруші Солтүстікке аттанса, қалғаны осында қызметке кірісіпті. Ал, биылғы бітірушілердің бүгінде 80 пайыздан астамының жұмысы дайын. Қалғанына қатысты мәселе бақылауда тұр. Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры: «Қалғаны — 11 пайызы. Оның ішінде сырттай оқитын студенттер, қашықтықтан оқитын студенттер де бар ғой отбасылы. Олардың он бір пайызы декретте отыр. Енді осы 8 пайызы таңдау үстінде. Оларды да біз алдағы уақытта толық орналастырамыз деп үміттеніп отырмыз. Олардың барлығы да орналасатын болады» деді. Ал, еліміздегі білім жүйесіне қатысты өзгерістер туралы ой қозғаған ректор бұл жағдайдың күрделі екеніне тоқталды. Пайымынша, білім саласы бойынша көтерілген тың бастамалар мейлінше дұрыс. Алайда, оны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан білім саласына әлі де барынша назар аударылуы керектігін жеткізді. Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры: «Біз осы жүйеге көшеміз. Бізде осылай деп айту оңай. Бірақ оны іс жүзінде жүзеге асыру күрделі шаруа. Біріншіден, мынау мектепке дейінгі тәрбие, әлеуметтік мәселені шешу керек. Екіншіден: бас бағдарды, бас міндетті мынау жалпы білім беретін мектептерге бөлу. Бұл бүгін ғана қолға алынған жұмыс емес. Жемісті екенін дәлелдеген жоспар» деді. Осылай деген Оңалбай Аяшев мектептердегі кадрлар біліктілігі мен жауапкершілігін артырып отыруға бағдар сілтейді. Бүгінде студенттерді толық жатақханамен қамтып, олардың заманға сай толыққанды білім алуы үшін бар жағдайды жасап отыр. Жастардың тек оқуымен ғана шектелмей жан-жақты болуы үшін оқу орнында елімізге белгілі ғашымдармен, жазушылармен, өнер адамдарымен үнемі кездесу өткізіп отырады.
Связанные истории
06.01.2025
6030
02.01.2025
18581