Бүгінде бастық болуға бәрі құмар. Балағынан бит саулаған бай болу да бүгінгі балалардың басты арманы. «Өскенде кім боласың?» деп балабақшадағы бүлдіршіннен сұрап көріңізші. «Бастық болам, бай болам» деп таңдайы тақ-тақ етер. Ия, кезінде елімізде экономистер мен заңгерлердің отанына айналдырып жібере жаздап едік. Бүгінде олар Қытайдың тауарындай көз сүріндіреді. Қатарынан оза шауып осы мамандықты иеленгендер бүгінде дипломды жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Уақыт өзі дәлелдеді … бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары қат мамандыққа айналып отыр. Әсіресе агроном, зоотехниктер бүгінде күндіз шам алып іздесең де таптырмайтын дәрежеге жеттік. Тәжірибесі мол мамандар зейнет жасына да жақындап қалды. Ертеңгі күні олардың орнын кім басады? Міне, бұл бүгінгі күннің тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жыл жылжыған сайын ауылшаруашылығына көп көңіл бөлініп келеді. Осыған орай ауылшаруашылығы мамандарын дайындау да ептеп көңіл тоғайтатындай дәрежеге жетіп қалды десек те болады. Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-інде Агроөнеркәсіп институты өңірдегі ауылшаруашылығына қат мамандарды дайындауда. Әрине, сұраныс артып отырған шақта бұл шара теңіздің қасындағы тамшыдай болса да құптарлық-ақ жәйт. Бұрын соңды облыста агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандар дайындайтын жоғарғы оқу орны болмаған. Бұл алғашқы қарлығаш десе де болады. Ең алғаш 2003 жылы агроөнеркәсіп факультеті болып негізі қаланып, бүгінде институт дәрежесін иеленіп отыр. Әу баста екі ғана факультеті болған Ветеринарлық медицина, агрономия, фермерлік іс, ауылшаруашылығын экономикаландыру, азық түлік технологиясы мамандарын даярлайтын. Арада біршама уақыт өткенде өрісі кеңейіп тағы да аса қат мамандықтарға баулитын факультеттер ашылды. Оқуға түскен студенттердің көпшілігі білім беру грантымен түскен. Өйткені олардың ауылдық квотасы бар. Осы жеңілдікті көпшілігі пайдаланды. Жыл өткен сайын студенттердің саны артып келеді. Қазір 1400- дей студент білім нәрімен сусындауда. Агроөнеркәсіпке аса қажетті 11 мамандық дайындайды. Аталған төрт мамандықтан бөлек топырақ тану агрохимия, су ресурстары және суды пайдалану, агроинженерия, биотехнология, жерді пайдалану және кадастр деген мамандықтар қосылды. 120 оқытушы жұмыс істейді. 54 пайыздан астамының ғылыми атақтары бар. Келешекте Алматыдан, Астанадан білікті мамандар шақырылмақ. 3 ғылым докторы, 60-қа жуық ғылым кандидаттары жұмыс істейді. Студенттер тек білім алып қана қоймай, оны тәжірибемен ұштастырып отырады. «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Студенттер осы орталықтың базасында тәжірибеден өтеді. Ғылыми жұмыспен айналысады. Әрине білім мен тәжірибені ұштастыру үшін оқу орнының базасы заман талабына сай, сақадай сай болуы тиіс. 70жылдық тарихы бар Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен иық теңестіріп қалды деп айтуға толық негіз бар. Алдағы жылдарда материалдық-техникалық базаны нығайту жоспарда бар. Оған дейін ғылыми зерттеу орталығымен тығыз байланыста болып, ветеринарлық, биологиялық лабораторияда жұмыс істейді. Өндірісті, ғылымды, оқу процесін үйлестіру заман талабы. Әр кафедраның өзінің лабораториясы бар. Келешекте ветеринарлық клиника болады. Ол жерде мал ұстауға мүмкіншілік туады. Оқу әдістемелік әдебиеттерге келер болсақ соңғы екі жылдың ішінде 3 миллионға жуық қаржыға оқулықтар алынды. Оның ішінде Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінен 1927 оқулықты тендер арқылы тегін алынған. Жоғарғы оқу орнының дипломын иелену бір мәртебе болса ертеңгі күні сол арқылы нан тауып жеу, яғни жұмысқа орналасу да алынбас асудай бір белес. Оқуын тәжірибемен ұштастырып терең білім алған жас маман жұмыссыздардың қатарын толықтырып жүрмей ме? Қазірдің өзінде ұсыныстар түсіп жатыр.
Динар Бекасыл