«Дін және тарих тағылымы» жылы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі біршама жұмыстар атқаруда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбек бүгінде басқарманың тарапынан берілген 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның тапсырмасына орай, жуырда өткізілген 7 тәлімдік құжаттар бойынша сынақтың қорытындысын жария етті. Жалпы, облыс бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына филиал болып тіркелген 791 мешіт бар. Осы имани ордаларда бүгінде 1 062 діни қызметкерден сынақ алынған. Осыдан кейін, уағыз-насихат жұмыстары бойынша 2 432 кездесу өткізіліп, 97 280 адам қатыстырылған. Бүгінде облыс бойынша теріс ағымдардың алдын алу, жастардың осы ағымдардың жетегінде кетпесі үшін алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін жоғарғы оқу орындарында, колледждерде, мектептерде түрлі кездесулер, пікірсайыстар өткізілуде. Мұндай шаралардың әрине жастарға берері көп. Кереғар ағымдар бойынша 2 450 сәләфилік және «Таблиғи жамағат» діни ағымы бағытын ұстанатын азаматтармен жеке кездесу ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 205 азамат ханафи мазһабына қайта оралды. Бұл да болса мәселенің салдарымен емес, себебімен күресудің нәтижесі деуге болар. Дәстүрлі дінге қайта оралып, бүгінде өзінің адал жолдан адасқанын мойындап, өзгелерге сабақ болса екен деп алғысын айтып жүргендер баршылық. Имамдарды қайта даярлау жұмыстары бойынша ОҚО имамдарының білімін жетілдіру курсынан 1075 имам-молдалары кезең-кезеңімен апта бойы білімдерін шыңдады. Биылғы жыл бұл үрдіс жалғасын табуда. Сонымен қатар, мешіт жанындағы 242 діни сауат ашу курстарынан 12 158 тәлімгер алғашқы діни білімге қол жеткізді. Бұл өз кезегінде түрлі кереғар ағымдардың жетегіне кетуден сақтанудың жолдары болып табылады. Биыл үлкен қажылық жұмыстарына дайындық жұмыстарының қолға алынғандығы белгілі. Биылғы жылы «Эйр Астана» және «Флай Нас» әуе компаниялары қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, қажылыққа ниет еткен азаматтар осы сәтен бастап құжаттарын өткізіп, қажылық жөнінде діни білімін арттыру мақсатында «Қажылық» курстарынан өту керек. «Дін және тарих тағылымы» жылы аясындағы жұмыстар жөнінде кең көлемде түсіндірілуде. Діни білімді шет елдік діни оқу орындарынан кем түспейтін отандық Нұр-Мүбәрак универсиеті мен 9 медреседен алу қажет екендігіне тоқталып, әлеуметтік желілер бойынша діни мағлұматтарды ҚМДБ-ның ресми сайттарынан ғана алу жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, А.Керімбек қажылыққа ниет еткен азаматтарды алдын ала «Қажылық» курстарынан өткізу жұмыстарының қолға алынып жатқанын да мәлімдеді. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ҚМДБ-ның филиалы ретінде 791 мешіт жұмыс жүргізеді. Онда ҚМДБ тарапынан берілген 4 бағыт — уағыз-насихат жұмыстары, ағымдардың алдын алу, қайырымдылық шаралары және діни сауат ашу курстары бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Нәтижесі де жаман емес. Адасқандардың алды райынан қайтып, дәстүрлі дінге орала бастады. Өзгелерді де уағыз айтып адастырып жүргендерінің дұрыс еместігін мойындағандар да жетерлік. Биыл еліміздегі медреселер колледж болып қайта құрылмақ. Оқу жылынан бастап, діни медреселер білім берудің жаңа жүйесіне көшеді. Бұл туралы облыста өткен имамдар форумында айтылған болатын. Осыған сәйкес тиісті құжаттар әзірленіп, діни оқу орнына медресе-колледж атауы берілген. Біздің өңірде екі медресе бар. Бірі Сарыағашта, тағы бірі Шымкент қаласында орналасқан. Бастама тиімділігін танытса, өзге медреселер де жаңа жүйеге көшеді. Оқуға 9 сыныпты бітірген талапкерлер қабылданады. Батырбек Жалмұрзаев, облыстық дін істері басқармасының басшысы: «Қазір жаңа жүйе бойынша колледжге 500 талапкер өтініш білдірген. Оларды жаңа оқу жылынан бастап оқытамыз. Өзгеріске сай, діни оқу ордаларына Исламтану бағыты бойынша білім беріледі» деді.