Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының тұрғындарымен кездесуінде тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін темір жол жобасы іске асырылатынын айтқан болатын. Осыған орай, Келес ауданында «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ тапсырысымен «Транспроект-К» ЖШС дайындаған «Дарбаза – Өзбекстан мемлекеттік шекарасы теміржолы» жобасының талқылауы өтті. Талқылауға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етті. Жиынға аудан активі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Жобаны дайындаған мекеме тарапы өз жоспарларын баяндап, келестіктердің пікірін тыңдады. Теміржол жобасында жалпы ұзындығы 92,2 шақырымды құрайтын, оның ішінде Келес ауданы аумағын солтүстік шығысындағы шекарасынан бастап оңтүстік батысындағы шекарасына дейін ұзындығы 56 шақырыммен кесіп өтетіндігі көрсетілген. Талқылау барысында бұл жобаның кем-кетігі бар екендігі айтылып, жаңадан жоба жасау керек деген тұжырымға тоқтады. — Келес ауданы әкімдігі алдын ала таңдау жұмыстарына қатыспағандықтан жобада өрескел кемшіліктерге жол берілген. Келес ауданы аграрлық аудан болғандықтан еліміздің бағалы деп саналатын теміржол желісі шамамен 497 га суармалы жер учаскелерін кесіп өтіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын жарамсыз күйге келтіретін болып тұр. Сонымен қатар Жобада Келес ауданы аумағынан өтетін Келес, Құркелес өзендері және Тартулы, Игілік, Ошақты, Қият, Мамыт, 8-ші Ұлан, Шошым каналдары мен 4 қашыртқылардың арналарының үстінен өтетін теміржол көпірлер жобаланбауы суармалы егістік жерлерін сумен қамтамасыз етуге күрделі кедергілер туындатады. Жобаланбаған 11 көпір теміржол құрылысының сметалық құнына қосымша қаражат талап ететін болады. Қорыта айтқанда, Жоба бойынша Мақтарал, Жетісай аумағынан өтетін темір жол желілерін қоспағанда, Келес және Сарыағаш аудандарынан өтетін теміржол желісі үшін мемлекеттік мұқтажына алынатын және теміржол құрылысына алдын ала болжамды есеп бойынша құны өте жоғары екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осыған орай «Транспроект-К» ЖШС ұсынған жобаны жарамсыз деп танып, жаңа жоба дайындауды ұсынамыз, — деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев. Айта кетейік, екі елдің тауар айналымының артуына мүмкіндік беретін «Дарбаза-Мақтаарал» темір жолы жобасын іске асыру бірінші кезекте транзиттік әлеуетті 5 есеге арттыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы шикізат өнімдерін көп өндіретін Келес, Мақтаарал сынды аудандарды негізгі магистральдық теміржол желісімен қосуға мүмкіндік береді, тиісінше, өңірдің дамуына оң әсер етеді.