Түркістан облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі, яғни атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны бойынша оңтүстік аймақтар, оның ішінде Жетісай мен Мақтаарал аудандары көш бастап тұр. Халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша осы аумақтарға басымдық берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шалғай аудандардағы шаруалардың жағдайын білу, ақылдасу, ұсыныстарын тыңдау мақсатында оңтүстік аудандарға іссапармен барды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп. Осы жоба арқылы несие алып, іс бастаған Медеу Орынқожаев құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Жоба құны – 7,5 млн. теңге. Өңір басшысы тұрғындарға осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Жауапты басшыларға осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Кәсіп ашып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан бұл отбасы енді мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді 14 отбасын жұмыспен қамтып отыр. Жетісай ауданында облыс әкімі ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен қолдану, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жандандыру және өзге де мәселелер бойынша шаруалармен кеңесіп, пікір алмасты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су көздерін үнемдеу мәселесін көтерді. Бұл – біздің өңір үшін аса маңызды. Сондықтан суды үнемдейтін әдістерге басымдық берген жөн. Ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып қана қоймай, оны терең өңдеуге көшу керек. Ауыл тұрғындары, жастары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс істесе болады. Оған толық мүмкіндік бар, – деген Дархан Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру маңызды екенін атап өтті. Іссапар барысында өңір басшысы «Тұрсынбек ата» шаруа қожалығында болды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асырған шаруа қожалығында алдымен 10 гектар жерден 350 тонна қырыққабат алынған. Ал екінші өнім ретінде маш дақылын еккен. Аудан шаруалары мақтаның орнына жүгері, маш егуді қолға алуда. Нұрәлем Ермаханбет бейнеттің зейнетін көру үшін талмай еңбектену керектігін айтты. «Керімхан» шаруа қожалығында облыс әкімі мақта теріміне қатысып, мақташылармен кездесті. Шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Құрбановтың айтуынша, 180 гектарға мақта егілсе, 40 гектарға бақша дақылы, 47 гектарға жоңышқа және 33 гектарға дәндік жүгері егілген. Мақтаның жаңа сұрыптары алынып, өнімділік арта түскен. Мақтаға сұранысты арттыру үшін сапасын көтеруге күш салынған. Шаруалармен кездесуде мақта шаруашылығына қатысты түйткілдер тарқатылып, ұсыныстар берілді.