Әрбір шәкірттің жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз – баланы тұлға болуға тәрбиелеп, баланың жүрегіне болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға. Осындай шәкірттердің жүрегіне жол таба білген ұстаздың бірі Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі педагог-шебер ұстаз Дүйсенбиева Күлсін Асылқызы. Оның түлектерінің алды жоғары оқу орындарын бітіріп, еліміздің әр аймағында адал қызмет атқарып жүр. Дүйсенбиева Күлсін, Қазығұрт ауданы Жаңабазар елді мекенінде дүниеге келіп, М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде білім алған. Алғашқы ұстазы Баян Шыңғыбекованы әлі күнге үлгі тұтып, сол ұстазы сияқты шәкірттерінің жүрегіне жылу ұялатып отырған ұстаз. Бір ұл, үш қызды тәрбиелеп отырған ардақты ана. Күлсін Асылқызының «Бастауыш сынып» деп аталатын «YouTube» каналы бар. Сол каналда ол үнемі өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Бүгінде оның 53 мыңға жуық оқырмандары бар. Жиырма сегіз жылдық еңбек өтілі бар К.Дүйсенбиеваның ұстаздық жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Мысалы: Мектеп ұстаздарының педагогикалық шеберлігін арттыру мақсатында «Ізденіс жолы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ең үздік 20 мұғалім» ІІ республикалық байқауында «Шығармашыл ұстаз» дипломы және «Әлихан Бөкейханов» төсбелгісі (2016), «Жыл үздігі-2014», «Ең үздік бастауыш сынып мұғалімі-2014» атағын алған. Білгір де, білікті ұстаздың әдістемелік көмек көрсетіп, өзінің бай тәжірибесін алмасу үшін аудандардан тіпті, облыс көлемінен келетін жас мамандарға үйретері көп-ақ.