Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында тіл саясатын дамыту бағытында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Күні кеше аудандағы Л.Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 9-13 қазан күндері аралығында «Қазақ тілі менің болашағым» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің апталығының ашылу салтанаты болып өтті. Қазақ тілі апталығының мақсаты — жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру. Ана тілінің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың айтқандарын оқытып үйрету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан Республикасының Оқу- ағарту министрлігінің «Төрт тоқсан — төрт өнер» ұлттық мәдени — ағарту жобасының «Ақындар айтысы» бөлімі бойынша «Тілім- тұғырым» тақырыбында оқушылар Пернебай Нұрзат пен Оразәлі Аяулым айтыс өнерін көпшілік назарына ұсынды. Жетекшісі — музыка пәнінің мұғалімі Серғазинова Марал. Бұдан бөлек, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінде мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы, қоғам қайраткері С.Көбеевтің 145 жылдығы, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы М.Жұмабаевтың 130 жылдығына байланысты “Жақұты барға жасын түспейді” тақырыбында 7 “А” сыныбымен тәрбие сағаты өтілді. Мақсаты оқушыларға ақындардың өмірі мен шығармашылығын таныстыру, насихаттау болып табылады. Бұдан кейін, аудандағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылар арасында «Ой көрігі — сөз» тақырыбында ақындар айтысы өткізілді. Нәтижесінде айтыскер ақындардың екі жұбы өнер көрсетіп, өз өнерлерін паш етіп, домбыра шерту, сөз саптаулары мен суырыпсалмалықтарымен көпшілікті таң қалдырды. Өтіп жатқан барлық шаралар тіл саясатын қолдауға бағытталған. Алдағы уақытта аталған бағыттағы іс-шаралар жалғасын табатын болады.