Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова есеп берді. «Білім беру және қазақстандық ғылымды дамыту бағытында білім ордасында көптеген жұмыстар атқарылуда. 2022-2023 оқу жылында университетімізде атқарылған іс-шаралар туралы ұжым және қоғам алдында есеп бердім. Жиынға Түркістан облысының құрметті азаматтары, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысты. Жиналған қауымға өткен оқу жылында академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық және өзге де бағыттарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ақпарат бердім. Атап айтар болсақ, 2022-2023 оқу жылының 1-03 наурыз аралығында «Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі» (АРТА – IAAR) арқылы университетіміз институционалдық аккредиттеу процедурасынан өтіп, 5 жыл мерзімге сертификатталды. Өткен оқу жылында барлығы – 131 білім бағдарламасы жаңартылған, оның ішінде 12-сі жаңадан енгізілді. Білімнің қайнар көзі – университет кітапханасының қорын толықтыру үшін бюджеттен 37 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа оқулықтар сатып алынды. Сондай-ақ электронды кітапхана жүйесінің жұмысы жандана түскен. Университет өткен оқу жылында әлемдік рейтингтерде жап-жақсы нәтижеге қол жеткізді. Оқу орны QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS 2023 бойынша биыл 787-ші орында, ASIA UNIVERSITY RANKINGS бойынша азия құрлығындағы 686 университет арасында 239 орында көрініп, QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS BY SUBJECT 2023 рейтингі бойынша да нәтижесін біршама жақсартты. Ғылым бағытында атқарылған жұмыстар да біршама. 2022-2023 оқу жылында университетте 33 халықаралық ғылыми жиындар, 16 республикалық конференциялар және басқа да семинарлар, дөңгелек үстелдер, басқосулар өткен. ҚР БжҒМ 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалары бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың құжаттамасы туралы семинар ұйымдастырылып, 40 ғылыми жоба ұсынылып, 1 млрд. 67, 807 млн теңге мөлшерінде 15 ғылыми жоба грант жеңіп алды. Жалпы соңғы 2 жылда ғылыми жобалардың саны мен қаржылануы орташа есеппен 5 есе өсті. Ғылым қоры АҚ-ның қолдауымен гранттық жоба аясында университеттің Ботаникалық бақ аумағында Жеміс пен көкөніс өңдейтін өндірістік цех іске қосылды. Өндірістік цехтың тәулігіне 5-7 тонна өнім қабылдап, өңдеуге мүмкіндігі бар. Оқу орнында әлеуметтік-мәдени, тәрбие, ақпараттық танытым салалары бойынша жұмыстар да ретке қойылған. «Шаңырақ» клубтар координациясына қарасты 21 белсенді клубтың жұмысы жандандырылды. Мәдениет орталығында өткен оқу жылында 204 іс-шара ұйымдастырылған. Бір жыл көлемінде университет туралы 1400-ге жуық материал БАҚ беттерінде көрініс тапқан. 2022-2023 оқу жылында көп күш инфрақұрылым және шаруашылық қызметін реттеуге бағытталған. Ботаникалық бақ аумағына, студенттерге арналған ойын алаңдарына, жатақханаларға, оқу ғимараттарына, оқу аудиторияларына және кабинеттер мен аудиторияларға түрлі деңгейде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, университетте бір жылда атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. Мұны есепиі тыңдауға келген құрметті қонақтар мен оқытушылар да атап өтті. Сондай-ақ, қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын да қойды. Түркістан облысының тыныс-тіршілігімен таныс, қоғамда орын алып жүрген жағдайларға үнемі үн қосып жүретін ардагерлер оқу орнының жұмысына жоғары бағасын беріп, ақжарма тілектерін арнады. Университетіміздің жанашыры, ардагерлерімізге, ұстаздарымыз бен қызметкерлеріне, серіктес мекемелердің басшыларына оқу ордамызға үнемі қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз!», — деді.