Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының бастамасымен, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға сапалы білім, оқу-тәрбие жұмысын тиімді әрі нәтижелі жүргізу үшін нормативті құжаттардың жүргізілу жолдары мен маңызын түсіндіру, балалар бойындағы шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім – тәрбиені балалардың бойына сіңіре отырып тәрбиелеу мақсатында «Алтын ұрпақ» балабақшасының базасында жекеменшік мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері мен әдіскерлеріне арналған оқыту семинары өтті. Түркістан қаласы білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту әдіскері Айгерім Оңлабекқызы мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру процесінде нормативтік құқықтық актілер бойынша бірқатар ерекшеліктерге тоқталып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде «Толағай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Бименова Айнұр «Бестемше» ұлттық ойынын таныстырып, баланың дамуына пайдасы зор екендігін, жүйелі ойлауға, ойын дұрыс жеткізе білуге, сөйлеуге, қол моторикасын дамытуға септігі бар екендігін жеткізді. Сонымен қатар, «Алтын ұрпақ» балабақшасының әдіскері Айгерім Назарбаева «Ұрпақ тәрбиесіндегі ата-аналар қауымдастығымен жұмыстың жаңаша үлгісі» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналармен жұмыс барысындағы басты талаптарға тоқталып өтті. Семинар соңында тренингтік ойындар ойнатылып, қатысушылар белсенділік танытты.