Түркістан жоғарғы көпсалалы, аграрлық колледжі Республикадағы ТЖКБ ұйымдары арасында алғашқылардың бірі болып 2022 жылдан бастап инновациялық жобаларды жүзеге асырып, ауыл шаруашылық саласында инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізуде. Колледждің педагог құрамындағы ғалымдар 2023 жылы 255 019 «Инновациялық тәжірибені енгізу және тарату жөніндегі іс-шараларды өткізу» жөніндегі облыстық бюджеттік бағдарлама бойынша Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы жариялаған конкурсында «Түркістан облысында жеңіл тұздалған топырақ жағдайында қорүнемдеу технологиясы бойынша түйе жоңышқаның репродукциялық тұқымдарын өндіруді еңгізу» тақырыптағы жобаны жеңіп алды. Жоба 2023 жылғы 22 тамыз айындағы «Түркістан облысы ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесімен түзілген №134 келісім шартына сәйкес Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, «Төрткөл» а/о, «Көкарал» ауылында орналасқан «Төрехан» шаруа қожалығында жүргізілді. Колледж ғалымдары осылайша қазақстандық ғылымды дамытуға үлес қосуда. Ғалымдар егін шаруашылығы бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша Түркістан облысының жеңіл тұздалған танаптарында суармалы егіншілік жүйесінде түйе жоңышқаның репродукциялық тұқымын өндірудің қорүнемдеу агротехнологиялық жүйесін (тікелей егу, топырақты минималды өңдеп егу) шағын, орта және үлкен шаруа қожалықтары мен агроқұрылымдарына ендіруге ұсынуда. Бұл игі бастама Түркістан жоғарғы көпсалалы, аграрлық колледжінің стратегиялық даму жоспарына сәйкес теория мен практиканы ұштастыруға, сонымен қатар ауылшаруашылық саласында ғылыми негізделген инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізе отырып білім алушыларды ғылымға бейімдеуге, білікті жұмысшы кадрлар мен мамандарын даярлау сапасын арттыруға, колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз септігін тигізуде. 2022-2023 жылдары жоба аясында төменде келтірілген ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды: — Sakalak маркалы AN ZAK 28 моделді (Түркия ) тікелей себілетін астық сепкіш (No-Till 3,6); — MOSH AGRI маркалы (Түркия ) аспалы дала бүріккіші; — Әуе-торлы сепаратор 527 К; — Шөп шабу машинасы КРН-2,1; — СК-300 скарификаторы. Аталмыш техникалар болашақта Түркістан облысының ірі және ұсақ агроқұрылымдарында түйе жоңышқаны және басқа да малазық дақылдарын тікелей және топырақты минималды технологиямен өңдеп егу технологиясын енгізуге, сонымен қатар дақылдардың репродукциялық тұқымдарын өндіруді енгізуге мүмкіндік береді.