Дөңгелек үстелге Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық сот төрағасы А.С.Дәуренбеков, судья Б.Л.Сагинтаев, прокуратура, АПБ-нің, аудан әкімдігінің заң бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Арнұр Кредит» ЖШС, Созақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, адвокат және жеке сот орындаушылар қатысты. Сот төрағасы дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына тоқталды. Сондай-ақ, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық істерді мемлекеттік тілде қарау барысында туындайтын мәселелерге тоқталып, сот істерін қарауда мемлекеттік тілдің үлесін едәуір көбейту қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар, медиация заңының қолданылу аясымен оның артықшылықтарын түсіндіріп өтті. Жиын соңында қатысушылар пікірлер алмасып, өз ойларымен бөлісті.