Ғаламшардың Күнбатысын мекендейтіндер бірден осылай жағадан алады. Шығыс шайырларынша «рухани баймын» деп, табаны тесік «топли» киіп, қаражаяу жүруді олар «кешіре алмайды». Ал осы қатігездік пе, әлде, өле-өлгенше жарлы боп өту – арлының маңдайына жазылған тағдыр ма?
«Қазақта бай көп, бірақ ақылын сатып байыған бірі жоқ»
Академик Асқар Жұмаділдаев
Иә, айтқандай, ақшаның ақылдыдан ала алмай жүрген «өші» әйтпесе, «арсызға» «жасыл» жағып қоятындай құдіреті бар ма?
Осының ара-жігін ажыратып көрейікші…
1. Гәп құндылықта. Яғни, ақылды, парасатты адам үшін басты құндылық – абырой. Ал онша-мұншаны ар санамайтындарға керегі – ақша, байлық! Және «болған сайын бола берсе, бола берсе», яғни, құлқыны құрғырдың түбі жоқ. Алайда ақылды адам егер ақылын игілігіне жаратып, одан пайда таппаса, онда неге данышпандыққа ұмтылады? «Қазақта бай көп, бірақ ақылын сатып байыған бірі жоқ» деген академик Асқар Жұмаділдаев сөзінде не мән бар? Бірақ ақылын ақшаға айналдыра алмаған жалғыз жұрт сірә, біз болармыз. Әйтпесе, алдаңғы қатарлы елдер жылт еткен идеяны іліп алып, ақша саууға кірісіп кеткелі қашан?!.
2. Ойлы адам не іздейді? Үнемі жаңа нәрсені білгісі кеп тұрады. Ал «ақша сауу» сонша білімді қажет ете ме, болмаса «түлкі қулықты» ма? Ең қарапайым мысал, 200 қап ұн сатуға соншалық не білім қажет?!. Ал, ақылды оны ар санайды.
3. «Түлкі бұлаң» дегеннен шығады, білімге ұмтылған адам бизнеске барса да барлығы мінсіз болса дейді екен. Тіпті қарапайым кәсіптің өзін ойлы адам биік деңгейде жасаймын деп, нәтижесінде түк ештеңе істемеуі де мүмкін. Ал, ол ойланып жатқанда «арсыз» біраз істің басын қайырып тастауы бек мүмкін. Бір ғана мысалы, қазақ «сапа» деп әлі жүр, ал қытай біз «сапасыз» деп тапқан тауармен әлемді жаулап алды. Қайта «ақша сауатындарға» арзанды іздейтін «тобырдан» пайда көп секілді…
4. Ойлы жандарға тән қасиет – жалтақтық! Оны ақылдының «мен өзімнің ештеңе білмейтінімді білемін» деген бір-ақ сөзінен аңғару қиын емес. Ал сіз байқайсыз ба осы, небәрі екі-ақ сыныптық білімі бар екендігі түрінде жазулы тұратын «арсыз» «білемін» дейді де, кез келген іске килігіп кетіп, түбі бір нәрсе шығарады.
5. Өскен орта да осы ретте көп рөл ойнайды. Айталық, ата-ана, туыс-туғаны кедей адамдар әдетте «саудагер боп кетіпті» деп, әлдекімді сырттай сыбаған сөзді кішкентайынан құлағына құйып өседі. Яғни, саудагер болу – намыс, олар үшін. Міне, мәселе қайда жатыр, мұндай адам қайдан байысын?!. «Рухани баймын» деген сөз – ойлы жандардың мәңгілік серігі.
6. Бір емес, білімі қырық түйеге жүк болуға жетерлік жандар көбіне жалақысы жоғары орындарға қызметке орналасады. Алайда «кімнің арбасына отырсаң, соның әнін айтасың» демекші, ол жерде әлгі білімді жан өз ақылын өзіне емес, сол жоғары жалақы төлейтін жұмыс берушіге жұмсайды. Солайша өмір бойы таңнан қара кешке дейін бір орынға таңылып отырғаны…
7. Ақылдылар өз қателігін кешіре алмайды. Яғни, болмашы бір қате үшін көбіне салын суға жібере салатын ойлы адамдар екен. «Бұл іс менің не теңім еді?!» – оның өз бастамасына айтылған соңғы үкімі! Ал, «арсыз» адам болса, қателескен сайын алға ұмтыла түседі. Жаға жармасып, бет жыртысса да, әйтеуір өлермендікпен өз арбасын алға сүйрейді.
Бай болып бәлкім бағармыз, байдың көзімен қарармыз, ә?
Сөздің қысқасы, «данышпанмын» деп, бірақ әлі басымызда баспана, астымызда көлік болмаса, бәлкім мына кеңестерге құлақ асармыз:
1. Сатудан ұялмауға үйренейік. Ақшаның қалай тиыннан құралғанын өз көзімізбен көрмей, баю мүмкін емес. Саудалай білу деген – тек қара базарда тұрып картоп сату емес, өз біліміміз мен ақылымызды бұлдай білу де соған жатпай ма? Бәлкім, біз осыған дейін керемет идеяларымыз бен теңдессіз өнерімізді сатуды ар санап, нәтижесінде әлдекімдерді байытып жүрген шығармыз? Ойлануға тұра ма?
2. Жанымыз нені қалайды, қай істің шеберіміз осы? Әрі жасаған сайын сүйсініп істеп, әрі қалтамыз да қалыңдай түсетін іс бар ма? Батыстағылардың баю көзі осында жатыр емес пе? Тіпті әу баста үйін сатып, бір нәрсе үйренуге салып жіберіп, кейін содан жүз үйдің ақшасын шығарып алып жатқан байларды көптеп табар едік, егер ізденсек.
3. Біз осы өзімізге қаншалық сенімдіміз? Біреу сын айтса, өзіміздікі дұрыс болса да үндемей көне салып, солайша бастаған ісімізді құрдымға кетіріп жатқан жоқпыз ба?
4. «Тек жақсы, сапалы» деген ұстаным ұшпаққа шығармайды. Себебі саудада – бастысы сапа емес, қалтадағы қаржыға қарай, тауар ұсыну.
5. Баюдың бір құпиясы – бай адамдармен араласуда жатса керек. Себебі олардың әңгіме арасында жай ғана айта салған сөздері бізге өмірлік сабақ болуы әбден мүмкін. Себебі олар біз әлі түспеген жолмен жүріп өткен ғой. Бұл – бір, екіншіден, айналасы бірыңғай тек кедейлерден тұратын жан өмірге байдың көзімен қалай қарасын?
6. Бизнес – соғыс, ал соғыста тірі қалу үшін қандай айла-әдіс қолдансаңыз да кешірімді. Беріле салу – тек қорқақ пен сатқындардың ісі.
Турасын айтқанда…
Бұл жерде мен біреуді даттаушы, екінші біреуді мақтаушы немесе үшінші біреуді жақтаушы емеспін. Және «ақылды адамдар ғана кедей» немесе «байлардың бәрі арсыз» деуден де аулақпын. Тек, Батыстың «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген мәтелін талдап, сананың тұрмысқа ықпалын саралап көрдім. «Байысам» деп жүрген жандар егер осы жолдағы өз сәтсіздігінің «диагнозын» таба алса, мақала миссиясының орындалғаны…
Мәриям ӘБСАТТАР