Дамыған елдерде жұмыссыздар болмауы шарт. Бәсекеге қабілеттілік пен өзін-өзі жұмыспен қамту барысында мемлекет көмекті аяп отырған жоқ. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы халықтың өз кәсібін ашуына қолқабыс бермек. Осы мақсатта «Бизнес-бастау» деп аталатын жоба басталып кетті. Аты айтып тұрғандай, «Бизнес бастау» кәсіпкерліктің әліппесін жаңа ашқан азаматтарға көмек беру үшін дайындалған. Ол үшін азаматтар жұмыссыз немесе кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіретін анықтамасын өткізуі керек. Сосын 30 күн арнайы дәріс алады. 80 сағаттық курста кәсіпкерлік пен салық заңнамасын толық біліп шығады. Содан кейін өзінің жобасын ұсынып, мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Нұғман Жұлдызбаев – «Атамекен» бизнес мектебінің бизнес тренері «Бизнес бастау жобасы» биыл ОҚО 8 ауданында өтіп жатыр. Соның ішінде жоспар бойынша 1500 адам қамтылған. Жалпы, бұл жобаға қатысушылар негізгі 3 категория: жұмыссыздар, өзін -өзі жұмыспен қамтығандар және бастауыш кәсіпкерлер». Айбосын Исламбекова кәсіпкерлік мектебінде арнайы курсты оқып бітті. Қолында сертификаты бар. Ендігі мақсат — несиеге қол жеткізу. «Қазагрогарант» АҚ бұл ретте кәсіпкерге 85 пайыздық кепілдік береді. Яғни, ауылда кепілзаты болмағанымен, оқығаны және арнайы тіркелгені шаруашылықты жолға қоюға септігін тигізеді. Ал, берілетін несиенің көлемі — 3 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін. Жылына 6 пайыз өсімі бар. Мұндай қаржыға облысымыз бойынша 1,5 мыңдай кәсіпкер қол жеткізе алады. Бұл мақсатқа Үкімет қазынасынан 1 млрд. 300 млн. теңге көлемінде қаражат бағытталып отыр.
НҰРМАХАН Кенжехан