Жыл басынан бері облысымызда 14 457 отбасы «Өрлеу» жобасы арқылы шартты ақшалай көмек алған. Нәтижесінде 13 228 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, осы жобаның арқасында өткен мерзім ішінде ОҚО-да әлеуметтік көмек алушылар саны 30, ал, балалар жәрдемақысымен қамтылатындар 6 пайызға азайған. Былтыр қолға алынған жобаның негізгі көздегені — әлеуметтік жобаларды барынша оңтайландыру. Халықты масылдықтан арылтып, еңбекке ынталандыру болатын. Бүгінде ол мақсат жүзеге асқан. Жыл басынан бері облыстағы жұмыспен қамту орталықтары тек мемлекеттік көмекке иек артып кеткен 83 мың азаматты осы жобаға тартты. Қаржылай шартты қолдау көрсетті. Нәтижесінде солардың барлығы жеке іс бастап, өз кәсіптерін ашты. МҰХИТ ОТАРШИЕВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ «Айтатын болсақ, мына биылғы ең жақсы көрсеткіш республика бойынша біздің облысқа тиесілі. Қазіргі таңда тек ақшалай көмекті алып, өзінің кәсібін ғана емес, қосымша кәсібін ашып, барып, салық орындарына тіркеліп, өзінде жұмыс орындарын ашып жатқан осы «Өрлеуге» қатысушы азаматтар бар». Сондай қатысушылардың бірі – Жаңыл Оразымбетова. Шымкенттік келіншектің қолынан іс тігу келеді. Бірақ, алдын сол істі жандандырып кетуге мүмкіндігі болмаған. Өйткені, мемлекеттен алатын арзымайтын жәрдемақы күнделікті күнкөрістен артылмайтын. Ал, «Өрлеу» бағдарламасы өз кәсібін ашуға мүмкіндік берді. Шартты ақшалай көмек алып, тігін мәшинесін сатып алған. Қазір сонымен іс тігіп, күнелтіп отыр. ЖАҢЫЛ ОРАЗЫМБЕТОВА, кәсіпкер: «Мен елдерден естідім осы бағдарламаның бар екенін. Содан кейін өзім барып сұрадым. Қатысуға болады ма? қандай құжаттар керек деп? Соған қатысып содан істеп жатырмын». Негізінде бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін биыл бюджеттен 7,3 млрд. теңге бөлінген. Сол қаржының әзірге 70 пайыздан астамы игерілді. Нәтижесінде өңірде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тек мемлекетке қарап отырған отбасылардың қатары кеміген. Ал, басқарма бағдарламамен бөлінген қаржының әрбір тиынын қатаң бақылауда ұстамақ.
МАҚСҰТ Жарылқасын