Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылында жібек өндірісі жақсы дамып келеді. Тұт бауы облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан «Шатқал» бағдарламасы аясында егілген. Баудың жалпы аумағы 55 гектарды құрайды. Оның 30 гектарына тұт ағашы, ал 25 гектарына шырша ағашы отырғызылған. Дәл осы бауда жеке шаруа Сұлтан Бакиров жібек шаруашылығының көпшілік білмейтін құпияларын айтып, өз тәжірбиесімен бөлісті. 6 жылдан бері жібек өндірісін зерттеп жүрген Сұлтан Бакиров биылдан бастап жібек құртын өсіруге кіріскен. Оның айтуынша, жібек құртынан жылына 4 мәртеге дейін жібек талғашығын алуға болады. Кәсіпкер алғашқы айналымның өзінен 110 келі жібек алуды жоспарлап отыр. Жобасы толықтай жүзеге асса, ол жылына шамамен 40-50 тоннаға дейін жібек талшығын өндіріп, 1000- нан астам жаңа жұмыс орындарын ашпақ.
«Жібек өндірісі — әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. Жібек талшығы жібек құртынан алынады. Ал жібек құртының негізгі азығы ол тұт ағашы. 1 гектар тұт бауынан орташа есеппен 48 тонна жапырақ алынады. Мәселен 1 келі жапырақты 20 теңгеден сатқанда, 1 гектар тұт бауынан 960 мың теңге табыс табуға болады. Ал, 1 тонна жапырақ, 1 қорапшадағы 19 грамм жібек кұртын азықтандыруға жетеді. Әр қорапшадан 55 келі жібек өндіріледі», — дейді Сұлтан Бакиров.
Айта кетейік, жібектің әлемдік нарықтағы құны 1 келісіне 30-40 долларды құрайды. Жібек өндірісі әсіресе Қытай мен Жапония елінде қарыштап дамыған. Ал, ТМД мемлекеттері арасында Өзбекстан жібек шаруашылығын мықтап қолға алған. Келешекте табысы мол бұл саланы Оңтүстік Қазақстан облысында да дамыту жоспарланып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі