ОҚО Сайрам ауданындағы Қарасу ауылында жеке кәсіпкер Ф. Каримова бүгінде өз кәсібін өрге өрлетіп отыр. «Agro Green» ЖШС-і өндірген саңырауқұлақтарды сатып алушылар көп. Кәсіпкер әрі дәл осы салаға алғаш түрен салғандардың бірі. Жеке кәсібін бастағанда бар күш жігерімен қоса біраз қаражат салуына да тура келді. Кәсіпкер саңырауқұлақ өсіретін арнайы ферма ашты. 300 шаршы метрді құрайтын 12 камерада бүгінде саңырауқұлақтар самсап өсіп тұр. Әр камераға 44 келі жіпшумақ қажет. Жиын терім басталғанда одан тонналаған саңырауқұлақтар теріп алады. «Голландиялық жіпшумақтарды Мәскеуден алып келеміз. Жиын терім науқаны 40-45 күнге созылады. Бір отырғызғаннан бес толқын арасына 4-5 күн салып теріп аламыз. Алғашқы үш терімде жақсы өнім береді. Қарағандыға 15 тоннасын, ал Алматыға 5 тоннасын жібердік», дейді кәсіпкер. Алдағы уақытта жылына 200 тонна саңырауқұлақ өндіруді жоспарлап отыр. Саңырауқұлақ өндірісі бізде жақсы жолға қойылмағандықтан мамандар да жоқтың қасы. Қажетті мамандарды Ташкенттен тапқан. Технолог В. Бабаянцтың саңырауқұлақ саласында істеген 30 жылдық тәжірибесі бар. Соның арқасында көптеген тәжірибелер үйренді. Әрине әр саланың өзіндік құпиясы болары анық. Мәселен тыңайтқыш бір ай бойы дайындалады. Өнім жақсы болуы үшін тауықтың көңі мен гипс жарап тұр. Ылғалдылықты сақтау қажет. Өнімді жинап алған соң тыңайтқыштарды ауыстыру қажет. Оны сатылымға шығарғанға дейін тоңазытқышта ұстау қажет. Бұл өте тиімді бизнес түрі. Осындай ферма ашқан жағдайда оны өзін өзі ақтауы екі үш жылды құрайды. Әзірге өнім жинаумен 4 адам айналысады, ал толық қуатына кіріскенде жұмыс күші де ұлғаяды, сатылым аумағы да көбейетін болады.