Соңғы жылдары елімізде ішкі еңбек миграциясы қарқынды. Биылғы еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу, қазақыландыру саясаты Елбасының жыл сайынғы Жолдауынан бастау алды. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған болатын. Өзге аймақтармен салыстырғанда халқы 4 есе тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы үшін таптырмас бұл бастама нәтижесін беріп үлгерді. Серік Жаналиев — мемлекеттік маңызы бар бағдарламаның шарапатын сезініп отыр. Күнгейден теріскейге қоныс аударғанына небәрі 4 ай. Елге ел қосылып жатқанда қалыс қалмағанына қуанады. Жат жерді жатырқамай, жайлы тіршілік кешіп жатқан Серіктің күнкөрісі бақуат. Шаруасы күйлі. Серік Жаналиев, кәсіпкер: «Осы көші-қонмен Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Жұмысшы ауылына көшіп бардым. 3 қара малым бар. Бара сала өзімде жеке көлігім болмады, көлік алдым. Ол жақта үйрек-қаз өсіру өте оңай. Үйрек-қазым бар 100-дің үстінде. Сол шаруақожалықтың бәрін жүргізіп отырмын». «Отбасылық бюджетті жүйелі жоспарлау, мемлекет экономикасына қосқан өзіндік үлесім». Осылай деген біздің кейіпкердің байламды ісі мен тындырымды тірлігі көпшілікке өнеге. Оңтүстік азаматтардың бала-шағасымен мектептер ашылып, жұмыстар жүргізіліп, әкімшіліктер қайта қозғалып, шаруа қожалықтары жүріп, бізбен бірге қоян-қолтық жұмыс істуде. 2000 мың теңгені жарата алмаған қазақ баласы 200 мың теңгені де жарата алмайды деген сөз. Өзінің ішкі экономикасын көтерген адам, мемлекетті де көтереді деп ойлаймын. Мемлекеттік маңызға ие көші-қонға «Халықты жұмыспен қамту» орталығымен бірлесе ат салысып жүрген облыстық мәслихат депутаты – Жаңабай Ағабеков. Өткен жылдың тамыз айында 50 отбасының қоныстануына қол ұшын созған халық қалаулысы, биылғы жылы 70-ке жуық отбасының орнығып кетуіне күш салатынын жеткізді. Оңтүстікте халық саны жыл санап артса, солтүстікте керісінше. Бірқатар ауылдар қаңырап бос қалып, ауыл шаруашылық саласында еңбек ететін жұмысқа жарамды маман тапшы. Түстіктен тайлы-тұяғымен көшіп барғандар осы олқылықтың орнын толтырды. Солтүстік тынысына жаңаша леп берді. Кәсіпкерлік саласының да көрігін қыздыруда.
ДАНА Мырзақадір