ОҚО Шардара ауданындағы Ұзын ата ауылында күріштен қол үзбей келе жатқан диқандар қауымы баршылық. Солардың бірі – Рахымберді Айтмырзаевтың иелігіндегі «Айткүл – Атақоныс» шаруа қожалығы. Кәсіпкер Рахым ағамыз кешегі күні алғашқылардың бірі болып күрішке орақ түсірді. Кәнігі диқанның егістік алқабына сүйсініп қарайсың. Алажаздайғы бейнеттің өтеуіндей болып бітік шыққан күріш масақтары иіліп тұр.
– Биылғы жылы 26 гектарға күріш ектік. Негізінен егіп отырған тұқымымыз – «Мустахиллик» деп аталатын ташкенттік сорт. Ұзақ жылдан бері күріш егуге дағдыланғандықтан, біздің өңірге қолайлы, өнімді мол беретін сортын іздестіріп жүремін. Ерте көктемде Қызылордаға арнайы барып, «Аноид» және «Янтарь» деп аталатын екі түрін әкеліп, бір-бір гектардан егіп шықтым. Жерсіндіру мақсатында отырғызған бұл дақылдар да жақсы өсіп шықты. Енді орып болған соң шығымын, сапасын анықтай жатамыз, — дейді Рахымберді Айтмырзаев.–Негізі биылғы жылы шаруалардың жағдайы жақсы деп айтуға болады. Оның бірінші себебі – жылдың басында зиянкестерге қарсы күрес пәрменді түрде жүргізілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей қамқор болуымен шегірткеге қарсы жан-жақты ұйымдастырылған жұмыстар жүрді. Ауданымыздың басшысы Болатбек Дүйсенбекұлы бұл шараның өз деңгейінде атқарылуын қатаң түрде қадағалап отырды. Сондай нәтижелі күрестің арқасында шаруаларымыз шегірткеден дін аман шықты. Ал, былтырғы жылы жер төсін емген көптеген диқандардың еңбегін шегіртке жалмап, мардымды өнім ала алмай қалды ғой. Күріштен күмбез тұрғызған кеңшардың даңқты кездерін еске түсірген Пердебай аға:
Рахымберді Айтмырзаев күріш дақылының шығыны мен пайдасын шотқа салғандай есептеп берді. Бір гектар алқапқа 250 келідей тұқым егіледі. Күріш тұқымының келісін 240 теңгеден сатып алыпты. Жалпы шығынды есептегенде, бір гектарға 250 мыңның қаражаты жұмсалады екен. Өнімділігіне келсек, гектарынан 75-80 центнерден күріш салысын алуды жоспарлап отыр.
-Гектарынан 80 центнерден өнім береді деп отырмын. Себебі, масақтағы дәннің шығымы жақсы. Бір түп сабақта 200-ге дейін дән барын санап отырмын. Бұл өте жақсы. Ал, кейде 70-80 дән болады, ондай кезде шығынға отырасың. Егер 80 центнер күріш салысын алатын болсам, соның 25-30 центнері таза күріш болып шығады. Мен көбінесе диірменге тартқызбай, салы күйінде өткіземін. Халықтың сұранысына қарай, салыны тартқызып, күріш күйінше таратамын. Салының әр келісі 50-60 теңгеден, ақталған күріштің келісі базар бағасына қарай 200 теңгенің айналасында сатылады, — дейді Рахымберді Айтмырзаев.
«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, Рахымберді ағамыздың күрішінен ауылда дәм татпайтын адам жоқ десе де болады. Ауылдағы ақсақалдарға, тұрмысы төмен отбасыларға жыл сайын өнімнен ауыз тигізіп отыруды әдетке айналдырған. Ал, ауылдағы үш балабақшаға демеушілік ретінде қап-қап күріш беріп, сауапты тірлік жасауды азаматтық парызым деп санайды. Бұл кісінің қайырымдылық шаралары енді өз алдына бөлек әңгіме.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.