Оңтүстік Қазақстан облысында кондитерлік өнім шығарумен айналысатын ірі өндіріс орындары жетерлік. Қаланы толығымен қамтамасыз етіп отырған ірі кондитерлік желілерден бөлек ұсақ цехтар да жұмыс істейді.
Облыс орталығындағы тәтті өндіретін кәсіпорынның бірі мұндай мүмкіндікке шетелдік инвестор көмегінің арқасында қол жеткізіп отыр. Қыруар қаржы жұмсап, қондырғысын жаңалап алған зауыт бүгінде 30-дан астам атаумен 4 түрлі өнім өндіреді. Оңтүстіктің брендіне айналған дәмі тіл үйіретін тәттілер тіпті Германия мен Ресей нарығына да шығарылып отыр. Отандық өнімге көрші Өзбекстан мен Қырғыз елінен де сұраныс артқан. Кәсіпорын толықтай соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Зауыт ішінде 3 бірдей желі жұмыс істеп тұр. Бір ғана тәтті шығаратын қондырғы сағатына 1 тонна өнім шығарады. Оған қосылатын шикізаттың басым бөлігі яғни ұннан бастап қантқа дейін жергілікті жерде өндіріледі. «Отандық өнімге алыс және жақын шет елдерден сұраныс жоғары», – дейді мамандар. Зауыттағы қондырғылардың барлығы автоматты жүйеде басқарылады. Қарапайым қызметкерлер жаңа технологияның тілін толық меңгеріп алған. Тіпті бұзылса өздері жөндейді. 9 қабатпен 4-не салма жағылады. Осы жерде вафлиді қадағалап тұрамыз. Бұзылса жүйе өзі толықтай тоқтап қалады. Жаңа технологияны енгізудің арқасында кәсіпорын жуырда вафелді түтікше шығаруды қолға алыпты. Бұл өңірдегі ең ірі кәсіпорын тарихындағы алғашқы жаңалық. Бұрын жұмыстың басым бөлігі қолмен атқарылатын. Қазір оны роботтар алмастырған. Түтікшенің ішіне пломбир, алма шырындары құйылады. Соңғы технологияның көмегімен өнім дәмді әрі қытырлақ вафли болып шығады. Желі сағатына 220 келі өнім жасайды. Зауыттағы 3 желі үш түрлі өнім шығарады. Бір жерде қамыр иленіп, бірінде печенье кесіліп, вафлиге крем құйылады. Калған қамыр қайта иленеді. Яғни өнім қалдықсыз өңделеді. Зауыт диабетпен ауыратын адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды меңгерген Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Нұрым Нұриев, цех басшысы: – Қондырғылар вафлиді 10 жыл бұрынғы тәсілмен салыстырғанда әлдеқайда жұмсақ әрі үлпілдек етіп жасайды. Өйткені бұрын түрлі қоспалар қолмен араластырылатын. Қазір оны компьютер жасайды. Сондықтан ұн әдемі көтеріледі. Кәсіпорын алдағы уақытта төртінші желіні іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жерде вафлидің тағы бір жаңа түрі шығарылмақ. «Қазірдің өзінде ұннан жасалынатын түрлі тәттілер қосылатын отандық өнімге Ресей мен Өзбекстан және Қырғызстан нарығын қоспағанда Еуропа елдерінен сұраныс жоғары», – дейді мамандар.
Қанат Жүнісбеков